Мемлекет басшысы Германияның Федералдық канцлерімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше құрмет көрсеткені үшін Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольцке ризашылығын білдіріп, еліміздің Еуропа Одағындағы негізгі серіктесі – Германиямен арадағы ынтымақтастықты дамытуға Қазақстан айрықша мән беретініне назар аударды.
Мемлекет басшысының айтуынша, Астана мен Берлин барлық деңгейде белсенді әрі өзара сенімді саяси диалог жүргізіп келе жатыр және көпжақты алаңдар аясында тығыз қарым-қатынас орнатқан.
Бүгінде Германия – Қазақстан экономикасына қаржы құйған жетекші инвесторлардың және ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Германияның Орталық Азия өңірімен сауда-саттығының шамамен 83 пайызы Қазақстанның үлесіне тиесілі. 2022 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 25 пайызға өсіп, 2,8 миллиард долларды құрады.
Мемлекет басшысы сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтудың әлеуеті зор және отандық нарыққа Германия бизнесінің барынша көбірек келуі үшін Қазақстан барлық қажетті жағдайды жасауға дайын екенін атап өтті. Мұнай-газ химиясы, сирек кездесетін металлургия өнеркәсібі, «жасыл» энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы салалары басым бағыттар ретінде анықталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев нақты қадам ретінде жеке неміс инвесторлары қатысатын жобаларды қаржыландыру бойынша екіжақты Жұмыс тобының қолдауымен Шикізатты бірлесе игеру жобаларын іске асыру жөніндегі консорциум құруды ұсынды
Көлік-транзит саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Германия тарапын Транскаспий бағытының әлеуетін пайдалануға, сондай-ақ Каспийдегі Ақтау және Құрық порттарының инфрақұрылымын дамыту ісіне қатысуға шақырды.
Сонымен қатар неміс тарапын жаңартылатын энергия көздерін, соның ішінде «жасыл» сутегін дамыту үшін анағұрлым тығыз қарым-қатынас орнатуға үндеді.
Бұл ретте Маңғыстау облысында Svevind Energy неміс-швед компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «жасыл» сутегін өндіру жобасының маңыздылығы атап өтілді.
Сонымен қатар Президент неміс әріптестерінің назарын Қазақстан азаматтарына қатысты виза режимін жеңілдету мүмкіндіктеріне аударды.
Федералдық канцлер Олаф Шольц Германия тарапының Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін растады
Канцлер Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды толық қолдайтынын әрі оған оң баға беретінін жеткізді. Канцлердің пікірінше, заң үстемдігін қамтамасыз ету – елді орнықты дамытудың және шетелдік инвесторларды қолдаудың ең басты шарты.
Германия тарапы Қазақстанмен арадағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайтуға дайын екенін нақтылады.
Атап айтқанда, мұнай жеткізу көлемін ұлғайтуға, жеткізу тізбегін әртараптандыруға және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қызығушылық танытты.
Сондай-ақ «Жасыл» энергетиканы пайдалану және климат мәселесін бірлесіп ілгерілету бағытында қарқынды қарым-қатынасты жолға қою қажет екеніне назар аударды.
Екі елдің шағын және орта бизнес өкілдері үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында бірлескен жұмысты жандандыруға баса мән берілді.
Одан кейінн Қасым-Жомарт Тоқаев пен Олаф Шольц БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді
Мемлекет басшысы Берлинге сапармен келуге арнайы шақырып, қонақжайлық көрсеткені үшін Олаф Шольцке ризашылығын білдірді.
– Германия – Қазақстанның Еуропа Одағындағы стратегиялық серіктесі, әсіресе өзара сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстар жолға қойылған. Сондықтан екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға баса мән береміз. Біз бүгін құрметті Канцлер мырзамен бірқатар маңызды мәселені талқыладық. Қазақстан мен Германия арасындағы байланыстарды одан әрі дамытуға ерекше назар аудардық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жүргізілген келіссөздер қазақ-герман қатынастарын одан әрі нығайтуға екі тараптың ниетті екенін тағы да растағанын атап өтті.
– Қазіргі жағдайда Қазақстан мен Германия екі елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ісіне барынша прагматикалық тұрғыдан қарауы керек. Ол үшін біздің саяси ерік-жігеріміз бен орасан зор экономикалық әлеуетіміз бар. Келіссөздер барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективаларына баса мән берілді. Біз екіжақты сауда-саттықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өттік. Экспорттық және импорттық тауарлар номенклатурасын одан әрі кеңейту үшін пәрменді шаралар қабылдауға уағдаластық, – деді Мемлекет басшысы.
Президент мұнай-газ химиясы, металлургия, көлік және логистика секілді перспективті салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері жан-жақты қарастырылғанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан тарапының жетекші еуропалық компаниялармен қол жеткізген уағдаластықтарын жоғары бағалады
– Бүгінгі кездесу қарсаңында Siemens, Deutsche Bahn, Siemens Energy, Linde және тағы да басқа негізгі серіктестермен маңызды коммерциялық келісімдерге қол қойылуын құптаймын. Бұл құжаттар мемлекеттеріміз арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға тың серпін береді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика саласындағы кооперацияны дамытуды басты басымдықтардың бірі ретінде атады.
– Өздеріңізге мәлім, Қазақстан жыл басынан бері Германияға «Достық» мұнай құбыры арқылы 500 мың тонна мұнай жөнелтті. Мұның бәрі өзара келісімнің нәтижесінде жүзеге асты. Германиялық достарымыздың өтініші бойынша жеткізілетін мұнай көлемін ұлғайтуға, оның ұзақмерзімді болуын қамтамасыз етуге еліміздің дайын екенін растадым, – деді Мемлекет басшысы.
Президент өз сөзінде екі елдің өзара ықпалдастығын кеңейтетін жаңа мүмкіндіктерге де тоқталды.
– Қазақстан мен Германияның бәсекелестіктегі артықшылықтарын «шикізат, өнеркәсіп және технология» формуласына сай үйлестіру екі тарап үшін синергетикалық тұрғыда айтарлықтай тиімді болмақ. Мен Канцлерге Шикізатты игеру жөніндегі бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін консорциум құруды ұсындым. Біз жаңартылатын энергия көздеріне, әсіресе, «жасыл» сутегіне қатысты немістің озық технологиялары мен ғылыми жетістіктерін трансферт жасауға мүдделіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Транскаспий көлік бағдарының транзиттік қуатын арттыру, сондай-ақ оны Трансеуропалық көлік желісімен (ТEN-T) және Global Gateway бастамасымен ұштастыру үшін бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, агроөнеркәсіп секторындағы, сондай-ақ қаржы, инновация, цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты нығайту үшін мол мүмкіндік бар.
– Бүгінде экономикалық жобаларды қаржыландыру аясында біз Deutsche Bank, Euler Hermes, KfW секілді банктермен, сондай-ақ аймақтық қаржы құрылымдарымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Осы тізімді кеңейту үшін неміс қаржы институттарын барынша тығыз ықпалдастық орнатуға шақырамыз, – деді Президент.
Келіссөздер барысында мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастыққа да айрықша мән берілді. Мемлекет басшысы жаңа қазақ-неміс білім беру мекемелерінің құрылуын, атап айтқанда, биыл маусым айында Ақтау қаласында Қазақстан-Германия орнықты инженерия институтының ашылуын құптайтынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттер арасындағы ықпалдастықтың жоғары деңгейін сақтау үшін Германия Канцлерін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Қазақстан мен Германия басшылары бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді
Атап айтқанда, Мемлекет басшысына Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасы жөнінде, Украина төңірегіндегі қақтығыстарға қатысты сұрақтар қойылды.
– Шын мәнінде, Қазақстан мен Ресейдің арасын әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара бөліп жатыр. Елдеріміз арасында сауда, гуманитарлық байланыстар бойынша дәстүрлі ынтымақтастық орнаған. 2013 жылы екі ел Одақтастық қарым-қатынас туралы шартқа қол қойды. Украинадағы қақтығысқа келер болсақ, Қазақстан әскери іс-қимылдардың тез арада тоқтатылуын және БҰҰ Жарғысы негізінде бейбіт келіссөз жүргізілуін жақтайды. Мен бүгін құрметті Канцлер мырзаға жағдайдың шын мәнінде өте күрделі екенін айттым. Ресей де, Украина да келіссөз жүргізуге дайын екенін растайды. Алайда келіссөздің қандай алаңда жүргізілетіні әзірше белгісіз. Сондықтан парасатты, салмақты, салиқалы дипломатияның кезеңі туады деп ойлаймын. Олар бірін-бірі айыптауды доғарып, екі жаққа да тиімді келіссөздің жолын табуы керек. Қазақстан Украина қақтығысын шешудің қандай да бір жолдарын ұсынып жатқан өзге елдер мен мемлекеттер тобының күш-жігерін қолдайды. Біз өз тарапымыздан барлық қажетті шараны қабылдаймыз. Ал Қазақстан мен Ресейдің шекарасына келер болсақ, оған делимитация жасалып, айтарлықтай деңгейде демаркацияланды. Оны екі ел парламенттері нақтылап, тиісті құжатты ратификациялады. Сондықтан Ресеймен арада қандай да бір территориялық дау жоқ. Қазақстан мен Ресей екіжақты деңгейде және тиісті интеграциялық бірлестіктер аясында тұрақты достық қарым-қатынас орнатқан, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.