Су тасқыны басталғалы бері барлығы 118,2 мың адам құтқарылып, эвакуацияланды, 9,6 мың тұрғын үй, оның ішінде 17 көппәтерлі үйге зақым келді.
Иә, келтірілген зардапты бағалау әлі де ерте. Десе де, су тасқынының салдарынан қалыптасқан жағдайды ретке келтіру қомақты қаражатты қажет ететіні сөзсіз. Азаматтар мен бизнестің барлық шығындарын мемлекет өз мойнына алуға уәде берді. ТЖ салдарын жою үшін Үкіметтің резерві 7 млрд теңгені құрайды. Бюджетті нақтылау кезінде оны 8,4 есеге, 59,3 млрд теңгеге дейін көбейту жоспарлануда. Алдағы өсім соңғысы болмауы да мүмкін.
Бір жағынан, мемлекеттің көмектескені құба-құп. Екінші жағынан, мұның қаупі де бар. Бұл жерде тауарлар мен қызметтер бағасының өсуінің жеделдеуін меңзеп отырмыз. Бірінші кезекте - құрылыс материалдары. Себебі мемлекет қолдауының бірден-бір басты шарасы қираған тұрғын үйлерді қайта қалпына келтіру немесе орнына жаңасын салу болып табылады.
Құрылыс материалдарының бағасы қаншалықты қымбаттауы мүмкін?
Берік және мықты конструкцияларды жасау үшін негіз болып табылатын конструкциялық материалдармен Қазақстан өзін жеткілікті деңгейде қамтамасыз ете алатынын айта кетейік. Мысалға, бетон, цемент, құрылысқа қажетті ерітінділер, құрастырмалы темір-бетондармен толығымен дерлік, ал керамикалық кірпішпен 70%-ға қамтамасыз ете алады.
Алайда құрылыс материалдарының басқа түрлерінің (шатыр жабындары, жылу оқшаулау, әрлеу материалдары) өндірісі мәз емес. Жергілікті ресурстар есебінен бұл материалдарға ішкі сұраныстың жартысынан азы ғана жабылады. Сонымен табақ шынымен 44,3%-ға, еденге, қабырғалар мен төбеге арналған жабындармен 43,4%-ға, керамикалық плиткалармен 22%-ға, шыны талшықтармен 11,4%-ға, линолеуммен 8%-ға, шатырға арналған керек-жарақтармен 6,2%-ға қамтамасыз ете алады.
Импортталатын құрылыс материалдары ішкі өндіріске қарағанда көбірек қымбаттайды деп кесіп айтуға болмайды.
Жалпы алғанда, құрылыс материалдарының бағасы айтарлықтай өзгеріске ұшырап тұрмайды. 2019 жылдың басынан бері ай қорытындысы бойынша олардың бағасы үш рет күрт көтерілген. 2021 жылдың мамырында 2,6%-ға, 2022 жылдың мамырында 3,1%-ға, 2022 жылдың шілдесінде 2,2%-ға өскен. Біріншісінде өсім азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алуға мүмкіндік бергеннен кейін байқалды. Екінші және үшінші жағдайда Украинадағы әскери қақтығыстың басталуына байланысты тауарларды жеткізуде логистикалық тізбектің бұзылуының әсерінен болды. Бір қызығы, 2020 жылы, COVID-19 пандемиясы белең алып тұрған кезде, құрылыс материалдарының бағасы өзгермеді. Десе де, сол кезең қорытындысы бойынша құрылыс саласы қарқынды өсім көрсетті - 11,2%.
Осыдан бір-біріне қарама-қарсы екі қорытынды шығаруға болады. Құрылыс материалдарының бағасы бұл жолы да айтарлықтай көтеріледі деп күтудің қажеті жоқ немесе жай ғана ресми статистика мәліметтерінде қандай да бір шикілік бар.