Total компаниясы 2021 – 2025 жылдары Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы «Доңға» кен орнын игерудің үшінші кезеңін іске асыруға шамамен 70 млрд.теңге инвестициялайды. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында мәлімдеді.
Энергетика министрлігі басшысының айтуынша, жоба мұнай өндіру деңгейін 25% - ға арттыруды қамтамасыз етеді.
«Жылына қазіргі 680 мың тоннадан 860 мың тоннаға дейін артады және құрылыс жұмыстары кезінде 400-ге жуық жұмыс орны құрылады», - деді М. Мырзағалиев.
«Жаңа теңіз жобаларын іске қосу, атап айтқанда Хазар және Қаламқас-теңіз кен орындарын игерудің арқасында 2028 жылдан бастап мұнай өндіруді 19,5 млн.тоннаға дейін арттыру жоспарлануда», - деп толықтырды Энергетика министрі.
Қазіргі уақытта «ҚазМұнайГаз» бен ЛУКОЙЛ осы кен орындарын игеру тұжырымдамасын талқылап жатыр.
Аталған кен орындарында 2028 жылдан бастап жыл сайын жоспарланған мұнай өндіру шамамен 4 млн. тоннаны құрайтын болады. Болжам бойынша инвестиция көлемі шамамен 4,5 млрд. АҚШ долларын құрайды.
Осы жобаларды іске асыру жағалау инфрақұрылымын жүктеуді, өңірдің сервистік кәсіпорындары үшін жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жаңа көлемдерімен қамтамасыз етеді, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
«Бұл жобалар Кешенді даму жоспарына кірмеді. Себебі оларды 2025 жылдан бастап іске асыру көзделген. Алайда, олар аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай әсер етеді», - деп қорытындылады энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы ағымдағы жылдың соңына дейін тұжырымдама нұсқасын түпкілікті айқындауы қажет.