Төртінші мұнай өңдеу зауыты қайда салынатыны жыл соңына дейін шешіледі

Қазақстан мұнай өңдеу қуатын жылына 39 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл үшін жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттары кеңейтіліп, қуаты 10 млн тоннаға дейінгі жаңа ірі мұнай өңдеу және мұнай-химия кешені салынады. Бұл туралы Алматыда өткен KIOGE 2026 халықаралық көрмесінде Энергетика министрлігінің Мұнай тасымалдау және өңдеу департаментінің директоры Дәулет Арықбаев мәлімдеді.

Қазір Қазақстандағы мұнай өңдеу кәсіпорындарының жалпы қуаты 18 млн тонна. Оны 29,2 млн тоннаға дейін ұлғайту көзделген. Соның ішінде:

  • Шымкент МӨЗ – 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін. Жобаны 2030 жылға дейін аяқтау жоспарланған;

  • Павлодар мұнай-химия зауыты – 5,5 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін. Мерзімі – 2031 жыл;

  • Атырау МӨЗ – 5,5 млн тоннадан 6,7 млн тоннаға дейін. Қуатты 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен арттыру жоспарланған.

Бұдан бөлек, қуаты 10 млн тоннаға дейінгі жаңа МӨЗ және мұнай-химия кешенін салу жоспарланып отыр. Жобаны 2033 жылға дейін іске қосу көзделген.

Қазір жаңа зауыт үшін Ұлытау, Атырау, Маңғыстау және Түркістан облыстары салыстырылып жатыр. Алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Өңірді түпкілікті таңдау 2026 жылдың соңына дейін жасалмақ.

Жаңа кешен болашақ мұнай-химия кластерінің негізіне айналуы тиіс.