Қазақстанда автокөлікті шетелден әкелу және рәсімдеу тәртібі нақтыланып жатыр. «Атамекен» ҰКП алаңында бейінді министрліктер өкілдері автомобиль нарығы қатысушыларына қолданыстағы талаптарды түсіндірді.
Негізгі өзгерістер жеке тұлғалардың және коммерциялық мақсаттағы көлік импортын ажыратуға, құжаттарды өзара сәйкестендіруге және «сұр» схемалардан сатып алушыларды қорғауға бағытталған.
Жеке тұлға көлік әкелсе
Жеке пайдалану үшін көлік әкелген азамат жолаушылар кеден декларациясын толтырады. Кеден төлемдері ЕАЭО заңнамасында белгіленген бірыңғай мөлшерлемелер бойынша төленеді.
3 жылдан аспаған көліктер үшін мөлшерлеме оның құнына, ал 3 жылдан асқан көліктер үшін қозғалтқыш көлемі мен көліктің жасына байланысты есептеледі.
Ал көлік кәсіпкерлік қызмет аясында әкелінсе, тауар декларациясы рәсімделеді. Бұл жағдайда кедендік алым, импорттық баж, ҚҚС және кейбір көліктер үшін акциз төленеді. Қозғалтқыш көлемі 3 000 текше сантиметрден асатын жеңіл көліктерге акциз қарастырылған.
Импорттық көлікке Euro-5 талабы
Жеке тұлғалар әкелетін көліктер Қазақстанда алғаш рет пайдалануға жіберілген кезде Euro-5 және одан жоғары экологиялық санатқа сәйкес болуы керек.
Сонымен қатар көлік шығарылғанына 5 жылдан аспауы тиіс.
Бұл талап Қазақстанда бұрын тіркелген автомобильдерге қолданылмайды.
Электрондық паспортқа жаңа шектеулер
Жеке тұлғаға ЭПТС рәсімдеу кезінде көлік иесі туралы мәліметтер жолаушылар кеден декларациясындағы декларант деректерімен салыстырылады.
Жеке тұлғалар үшін ЭПТС көлік шығарылғанына 5 жылдан аспаған жағдайда рәсімделеді. Сондай-ақ бір адам жылына бір ғана көлік әкеле алады.
Жеке пайдалануға арналған көлікті рәсімдеу тәртібі: қауіпсіздік туралы куәлік → кәдеге жарату төлемі → бастапқы тіркеу төлемі → кедендік рәсімдеу → мемлекеттік тіркеу.
Кәдеге жарату төлемі
Кәдеге жарату төлемінің мөлшері өзгерген жоқ. Импорттаушы операторға өтініш береді, құжаттар тексерілгеннен кейін төлем сомасы есептеліп, шот шығарылады.
2026 жылғы 22 қыркүйектен бастап жеке тұлғалар көлікті еркін айналымға шығарғанға дейін, яғни кедендік рәсімдеу аяқталғанға дейін кәдеге жарату төлемі төленгені туралы сертификат алуы керек.
Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін тәртіп өзгермейді: сертификат көлікті алғашқы тіркеуге дейін, ал көлік бұдан бұрын сатылса – сату алдында алынуы тиіс.
Сатып алушы үшін негізгі тәуекел
Қазақстан автокөлік одағының мәліметінше, шетелден «сұр» схемалармен әкелінген көліктердің арасында іздеуде жүрген немесе үшінші елдерде кепілде тұрған автомобильдер кездеседі.
Сондықтан көлік сатып алмас бұрын оның шығу тегін, тарихын және заңдық тазалығын тексеру маңызды.
Қазақстанда шамамен 5,6 млн автомобиль бар. Оның 44%-ы 20 жылдан астам уақыт пайдаланылып келеді.
Мемлекеттік органдардың түсіндіруінше, қолданыстағы негізгі қағидалар өзгермейді: азаматтар көлікті жеке пайдалану үшін белгіленген тәртіппен әкеле алады, ал коммерциялық импорт пен кейінгі сату кәсіпкерлік қызметке қойылатын талаптарға сәйкес жүргізіледі.