Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырау облысына жұмыс сапармен барды.

«Қазақстан көмірсутегі шикізатының қоры ең көп жиырма мемлекеттің қатарына кіреді. Соған қарамастан, еліміз мұнай-химия өнімдерінің 95 пайызына жуығын импорттап отыр. Бұл – дұрыс емес. Біз ішкі сұранысты толық қамтамасыз ете аламыз. Тіпті, сыртқы нарықтарға шығуға мүмкіндік бар.

Мұнай-химия кәсіпорындары инвестиция салуға өте қолайлы. Әлемде олардың өніміне сұраныс жоғары және бұл сұраныс арта береді. Сондықтан, осы облыста «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Онда жұмыс істейтін компанияларға салық және кеден жеңілдіктері беріледі», деді мемлекет басшысы.

«Қазмұнайгазға» экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, Атырау жерінде үлкен мұнай қоймасын салу мәселесін қарастыруды тапсырамын. Энергетика министрлігі мұнай өндіретін ірі компаниялармен қойманың құрылысына қатысты келіссөздер жүргізуі керек.

Мұнай саласындағы еңбек нарығында шұғыл шешілуге тиіс мәселелер бар. Келешекте жұмыссыздықтың пайда болуына жол бермеуіміз керек. Бұл өте маңызды мәселені Үкімет өз назарында ұстауы қажет. Осы мәселе бойынша негізгі шетел компанияларымен бірге жұмыс істеуге тиіс. Үкіметке осы шаруаны шұғыл қолға алуды тапсырамын.

Өңірдегі шетелдік компаниялар аймақтың білім беру, денсаулық сақтау және экология мәселелерін шешуге атсалысуы керек. Үкімет әкімдікпен бірлесіп, инвесторларды осы жұмысқа жұмылдыруы қажет. Әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуына баса назар аударылады. Осы мәселені Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің қарауына шығару керек. Мемлекет мүддесі үшін инвесторлармен жалпы келісімдерді әзірлеу мәселесін пысықтауды тапсырамын», деді Тоқаев.

Облыстағы балық шаруашылығын дамыту қажет. Бұл – осы аймақтың экономикасында маңызды рөл атқаратын сала. Каспий теңізі мен Жайық өзенінде балықтың түр-түрі бар. Жыл басынан бері мұнда 12 мың тонна балық ауланды. Оны өңдеу және дайын өнім шығару ісі дамып жатыр. Дегенмен, балық шаруашылығын одан әрі өркендету үшін бірқатар жүйелі шаралар қабылдау қажет. Ең алдымен, бекіре тұқымдас балықтың санын көбейтуге баса мән берген жөн. Әлемдік нарықта оған сұраныс өте жоғары.

Биыл Жайыққа 8,5 миллион шабақ жіберілді. Бұл жұмысты жалғастыру қажет. Мемлекет қарамағында бекіре өсіретін екі зауыт бар. Осы кәсіпорындардың тозығы жетіп, құрал-жабдығы әбден ескірген. Зауыттарды заман талабына сай қайта жаңғырту керек. Сондай-ақ, шабақ өсіретін жоғары технологиялы жаңа зауыттар салу үшін инвестиция тарту аса маңызды.

Жайық және Қиғаш өзендерінің тартылуы күрделі мәселе болып отыр. Қазір екі өзеннің сағасындағы судың тереңдігі – небәрі 30-40 сантиметр. Бұл жағдай бекіренің уылдырық шашуына кедергі келтіруде. Сондықтан, Үкімет осы өзендердің сағасын тереңдетуді қамтамасыз етуге тиіс.

Құзырлы мекемелер балық қорын сақтау үшін браконьерлермен күресті күшейтуі керек. Биылдың өзінде облыста осыған қатысты 2,5 мың әкімшілік және 52 қылмыстық іс қозғалды. Заңсыз ауланған 14 тонна балық тәркіленді. Өкінішке қарай, осындай заңсыздық тыйылмай тұр. Бұл – табиғатты қорғауға жауапты органдардың жұмысында олқылықтар бар деген сөз», деді президент.

«Балық шаруашылығымен айналысатын кооперативтердің техникасын жаңарту қажет. Осы жердің ауланған балығы Ресей, Әзербайжан, Израиль сияқты елдерге экспортталып жатыр. Көбіне мұздатылған, өңделмеген шикі балық жіберіледі.

Шын мәнінде, дайын өнім экспортын ұлғайтуға мол мүмкіндік бар. Бұған облыстағы балық кәсіпорындарының шамасы жетеді. Олардың жұмысын халықаралық сапа стандартына сәйкес келтіру керек. Сондықтан, қазіргі жағдайды ескере отырып, өңделмеген балықты шетелге шығаруға шектеу қою мүмкіндігін қарастыру қажет деп санаймын.

Атырау облысында бекіре балығын өсіретін және қара уылдырық өндіретін екі шаруашылық бар. 2025 жылға дейін осындай тағы 8 кәсіпорын ашу жоспарланып отыр. Мұндай шаруашылықты дамыту үшін қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру керек. Сондай-ақ, осы жұмыстарды атқаратын балық шаруашылығының мамандары қажет. Жастарды осы іске баулып, оларға жан-жақты қолдау көрсету өте маңызды. Сонда ғана жастар бұл салаға қызығады.

Бұдан бөлек, мемлекет тарапынан көмек көрсетілуі қажет. Осы аймақта балық шаруашылығын дамыту жергілікті билік үшін басты міндеттің бірі болуға тиіс. Үкімет бұл мәселе бойынша облысқа барынша қолдау көрсетуі керек», деді Тоқаев.

«Облыстың инфрақұрылымын жақсарту қажет. Автокөлік жолдарының сапасы халықтың тұрмысына және экономикаға тікелей әсер етеді. Бұл сала Атырау облысында ақсап тұр. Жергілікті жолдардың 72 пайызы ғана орташа күйде. Мұны төмен көрсеткіш деуге болады.

Облыстағы республикалық маңызы бар жолдардың сапасы да жақсы емес. «Атырау – Астрахань» күре жолын жөндеу жұмыстары баяу жүріп жатыр. Үкімет оны уақытылы және сапалы аяқтауды қамтамасыз етуге тиіс.

Жалпы, облыстағы шұрқ тесік жолдар талай рет жұрттың сынына ұшырады. Бірақ содан ешқандай нәтиже жоқ, тиісті мекемелер өз жұмысын дұрыс орындамайды. Ауданаралық, облысаралық жолдардың сапасы жақсармаса, аймақтарды дамыту туралы айтудың өзі қиын. Сондықтан, жол құрылысы менің жеке бақылауымда болады», деді мемлекет басшысы.

«Бұдан бөлек, жол бойындағы инфрақұрылымды дамытуға баса мән берген жөн. Ұлттық мұнай-химия кешенінің алғашқы кезеңі іске қосылғанда «Атырау – Доссор» жолындағы көлік қозғалысы күрт көбейеді. Сондықтан, құзырлы органдар бұл жолды ІІІ санаттан І санатқа ауыстыру мәселесін тез арада шешуге тиіс.

Атырау аймағындағы ауылдар бір орталықтан берілетін су жүйесіне қосылмаған. Көптеген елді мекеннің тұрғындары таза суды кейде белгілі бір уақытта ғана алады. Инфрақұрылым желісі әбден тозғандықтан, осындай ахуал қалыптасып отыр. Мысалы, Атырауды және Мақат ауданын сумен қамтамасыз ететін тазарту жүйесі апатты жағдайда тұр. Алдағы бес жылда тұщы су тапшылығы 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан, Үкімет пен облыс әкімдігі сумен қамтамасыз ету жүйесін жаңғыртуға баса назар аударуы қажет», деді.

«Су сүзетін екі жаңа станцияны тезірек іске қосу керек. «Астрахань – Маңғыстау» су құбырының 80 пайызы әбден тозған. Оны жаңғырту жұмыстарын тездету қажет. Сонымен бірге, Үкімет Еділден жаңа су құбырын тарту мәселесі бойынша банктермен, қаржы институттарымен келіссөздерді жандандыруға тиіс.

Аймақтағы суару каналдарының көпшілігі тозып тұр. Биыл 3 каналды жөндеуге республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Тағы 11 каналды қалпына келтіру керек. Үкіметке алдағы екі жылда осы жобаларға қаржы бөлу мәселесін қарастыруды тапсырамын.

Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету – мемлекеттің міндеті. Сондықтан, бұл мәселенің шешімін созбалаңға салуға болмайды», деді Тоқаев.

«Атырау облысындағы тағы бір өзекті мәселе – электр желісінің тозуы. Оның 40 пайызға жуығы ескірген. Биыл 15 елді-мекеннің электр желісі жөнделіп жатыр. Дегенмен, бұл жеткіліксіз.

Соңғы жылдары аймақта электр қуаты жүйесі дұрыс істемейтін болды. Өңірдегі энергия тапшылығы – шамамен 200 мегаватт. Облыста өзінің электр станциясын пайдаланып отырған кәсіпорындар бар. Бірақ, олардың мүмкіндігі шексіз емес.

Өнеркәсіп орындары дамып, халық саны көбейген сайын қуат көзіне деген сұраныс артады. Атырау облысының электр энергиясы жүйесін түгел жаңғырту жұмыстарын бастау қажет.

Мен былтыр батыс аймағын еліміздің негізгі энергетика жүйесіне қосу туралы тапсырма бердім. Үкімет осы мәселені пысықтап, нақты шешім қабылдауы қажет. Сондай-ақ электр желілерін жөндеу жұмыстарын республикалық бюджеттен қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру қажет. Бұдан бөлек, «Атырау Жарық» компаниясының жұмысына қатысты сын-ескертулер бар. Егер компания өз міндеттемесін орындамаса, ондай келісімді бұзу қажет», деді президент.

«Келесі мәселе. Атырау облысының инженерлік инфрақұрылымын дамыту туралы. Бұл да – күрделі мәселе. Мұнда тұрғын-үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бірақ, ескі үйлер әлі де көп.

Көп қабатты тұрғын-үйлердің төрттен бірі, яғни 432 үй апатты жағдайда тұр. Үкімет Атырау облысының әкімдігімен бірлесіп, бұл мәселені шешуге тиіс. Сондай-ақ апатты үйлердің тұрғындарын көшіру үшін құрылыс жұмыстарын жандандыру қажет», деді Тоқаев.

Өңірдің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға баса мән берген жөн. Облыста өкпе және жүрек-қан тамырлары ауруына шалдыққан науқастардың саны көбейіп барады.

Ана мен бала өлімі де аз емес. Бұған өңірдегі экологиялық ахуалдың нашарлығы, білікті дәрігерлердің тапшылығы себеп болып отыр. Осы орайда, басты міндеттің бірі – медициналық инфрақұрылымды жақсарту.

Атырау қаласында емхана ғимараттары тапшы. Облыстағы медицина мекемелерінің 40 пайызға жуығы осындай жағдайда жұмыс істеп жатыр. Психикалық денсаулық орталығы, онкологиялық диспансер, жедел жәрдем станцияларының жағдайы сын көтермейді. Тіпті, бұл мекемелердің ғимараттары пайдалануға жарамсыз. Осы мәселенің бәрін шұғыл шешу қажет», деді президент.

«Білім беру және мәдениет саласын дамыту қажет. Облыста апатты жағдайда тұрған және үш ауысыммен оқытатын мектептер мәселесі әлі шешімін таппай отыр. Балабақшалар да жетіспейді. Қазір 17 мыңға жуық бала кезекте тұр. Бұл мәселені шешуге қажетті қаржы қарастырылған.

Сонымен қатар, келесі жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 11 мектеп салынады. Бұған республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді. Білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысты жоспарды толық орындау керек. Үкімет және әкімдік оның уақтылы және сапалы жүзеге асырылуын қатаң бақылауға тиіс.

Атырау облысында кәсіптік және техникалық білім беретін 24 мекеме бар. Онда 16 мың студент білім алып жатыр. Бірақ, осы колледждердің түлектері көбіне жұмыс таба алмай қиналады. Бұл мәселе әр облыста бар. Оқу-ағарту министрлігіне облыс әкімдерімен бірлесіп, кәсіптік-техникалық оқу орындарын еңбек нарығына бейімдеу үшін нақты шара қабылдауды тапсырамын», деді.

«Жоғары білімнің қолжетімді болуы, білім сапасын арттыру, жаратылыстану және техникалық бағыттағы университеттерді күшейту аса маңызды. Мен қыркүйектегі өз Жолдауымда осыған қатысты бірқатар міндет жүктедім.

Менің бастамаммен Атырауда Ресейдің Губкин атындағы мұнай-газ университетінің филиалы ашылды. Аталған университеттің түлектеріне еңбек нарығында сұраныс көп болады деп сенемін. Менің тапсырмаммен Қазақстанның іргелі жоғары оқу орындарында білім алу үшін батыс аймағындағы жастарына 10 мың грант бөлінді. Бірақ, осы гранттармен оқуға түскен бала көп емес. Мен бұл туралы кеше Ақтауда да айттым.

Атырау облысына бөлінген 4 мың гранттың 800-ге жуығы ғана игерілген. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Әкімдік құзырлы министрліктермен бірлесіп, осы мәселе бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет», деді Тоқаев.

«Атыраудың экологиялық ахуалын жақсартып, көгалдандыру керек. Экология халықтың денсаулығы мен тұрмыс сапасына тікелей әсер ететіні белгілі. Сондықтан, табиғатты қорғау – мемлекет үшін ең маңызды міндеттің бірі.

Ірі мұнай-газ компанияларының қызметі өңірдің экологиялық ахуалының нашарлауына әкеп соқтыруда. «Сасық сайдағы» («Тухлая балка») жағдай біртіндеп оңала бастады. Алайда, Атырау мұнай өңдеу зауытының қызметіне экологтардың көңілі толмайды. Жақында ғана зауытта ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Дегенмен, ондағы технологиялық және басқару үдерістерінің сапасын әлі де жетілдіре түсу қажет. Экологтар зауыттың зиянды қалдықтары шекті нормадан жиі асып кететінін айтады. Бұған жол беруге болмайды», деді президент.

«Жалпы, Атырау мұнай мен газға ғана үміт артпай, туризм секілді болашағы зор салаларды дамытуы қажет. Ең бастысы, бастамаларды батыл қолға алу керек. Өңірдің туристік әлеуетін арттыру үшін Үкімет пен әкімдік жолдарды жөндеп, туристік нысандардың инженерлік коммуникациясын ретке келтіруге тиіс.

Атырау облысын дамыту туралы менің пайымдарым – осындай. Бірқатар нақты тапсырма берілді. Оның бәрін мұқият ойластырып, уақытылы және сапалы орындау қажет. Жұмыс барысы менің тікелей бақылауымда болады, себебі бұл – облыс халқына өте қажет жұмыс. Оны соңына дейін атқарып шығуымыз керек», деді мемлекет басшысы.