Егемен Қазақстан газетіне берген сұхбатында президенттігінің алғашқы жылында жасалған жұмыстары туралы айтты.
Қазақта «Ел қуатты болмай, бақ тұрақты болмайды» деген нақыл сөз бар. Осы орайда мемлекеттілікті нығайтып, халқымыздың әл-ауқатын арттыру үшін маңызды бастамалар қолға алынды.
Ең алдымен, қоғамның береке-бірлігі бекем болуы керек. Бұған билік пен халық арасында тұрақты диалог орнату арқылы қол жеткізуге болады. Осыған орай Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Оның негізгі мақсаты – қоғамдық сананы жаңғыртуға арналған ауқымды шаралар ұйымдастыру, өзекті мәселелерді талқылап, тиімді ұсыныстар әзірлеу. Бүгінге дейін кеңестің екі отырысы өткізілді. Саяси, экономикалық және әлеуметтік жаңғыру бағыттары бойынша көптеген ұсыныс жасалды. Қоғамды алаңдатқан түрлі мәселелер қызу талқыға түсті.
Заман талабына сай саяси реформалар жүргізілуде. Қазір менің бастамаммен Парламентте бірқатар маңызды заңнамалық өзгерістер талқылануда. «Бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі» туралы заң жобасы қарастырылып жатыр. Бұл еліміздің демократиялық дамуын айқындайтын өте маңызды құжат болатынына күмән жоқ.
Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауына түсетін саяси партиялар әйелдер мен жастар үшін отыз пайыздық квота бөлетін болады. Осыған орай заңға тиісті толықтырулар енгізу қарастырылуда. Сондай-ақ саяси партияларды тіркеуді жеңілдету, парламенттік оппозиция институтын қалыптастыру үшін заңнамаға маңызды түзетулер жасалмақ.
Осы өзгерістер саяси үдерістерді одан әрі либерализациялау жолындағы нақты қадам болады деп сенемін. Жан-жақты саяси реформалар жалғасады. Бұл – біздің стратегиялық таңдауымыз.
Сондай-ақ азаматтардың өтініш-тілектерін жедел қарастыру үшін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсындым. Бұл – өте маңызды әрі қажет бастама. Шенеуніктердің міндеті – ең алдымен, халыққа қызмет ету. Олар ел-жұрттың мұң-мұқтажына құлақ аспағанда кімге құлақ асады?! Осы қағидатты барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің санасына сіңірген жөн. Қазірдің өзінде бұл бағытта оң өзгеріс бар.
Отандық бизнесті дамытуға арналған бірқатар бастама жүзеге асты. Менің тапсырмам бойынша шағын және микро бизнес өкілдері үш жылға табыс салығынан босатылды. Олардың қызметі алдағы үш жыл бойы тексерілмейді. Сол үшін мораторий жарияланғанын білесіздер. Қазіргі төтенше жағдай кезінде де кәсіпкерлерге үлкен қолдау көрсетілуде. Оны жоғарыда атап өттім.
Елді алаңдататын өзекті мәселенің бірі баспана екені белгілі. Осы бағытта да ауқымды жұмыстар атқарылды. Үкімет алдына Елбасы ұсынған «Бақытты отбасы» бағдарламасының аясын кеңейтіп, тұрғын үй құрылысын жандандыру міндеті қойылды. Соған сәйкес, биылдан бастап жыл сайын көп балалы және мүгедек балалары бар 10 мың отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.
Аз қамтылған және көп балалы отбасыларға арналған әлеуметтік көмектің жаңа түрлері енгізілді. Мысалы, көп балалы отбасыларға табысына қарамай жәрдемақы беріле бастады. Жарты миллионнан астам азаматтың 300 мың теңгеге дейінгі кепілсіз несиесі өтелді. Бұл бастамалар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.
Былтыр «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Соған орай алдағы төрт жылда ұстаздардың еңбекақысын екі есе арттыруды тапсырдым. Бұл жұмыс жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бюджет саласындағы басқа да қызметкерлердің жалақысы көбейтілуде.
Мен талантты да талапты жастарға сенім артамын. Сол себепті «Президенттік жастар кадрлық резервін» құрып, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан 300 жасты іріктеп алдық. Олардың біразы қызметке орналасты. Тиісті мемлекеттік органдарға жастар саясатына арналған жаңа кешенді бағдарлама әзірлеуді тапсырдым.
Осы жылды «Волонтер жылы» деп жарияладым. Бүгінде бұл бастаманың дер кезінде көтерілгенін көріп отырмыз. Қазіргідей төтенше жағдайда волонтерлер аянбай еңбек етіп жүр. Күрделі кезеңде белсенділік танытқан жігерлі жастарды үлгі тұтуымыз керек.
Жалпы, бір жыл ішінде нақты жұмыстар атқарылды. Сондықтан елдің еңсесін көтеретін мұндай шешімдер алдағы уақытта да қабылдана береді.