Қасым-Жомарт Тоқаев Францияға мемлекеттік сапары аясында Қазақстан-Франция инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Франция бизнес капитандарының алдында сөйлеген сөзінде экономикалық ынтымақтастықты қазақ-француз стратегиялық серіктестігінің басты факторы ретінде атады.

– Біз Францияның Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі болғанымызға қуаныштымыз. Францияның аталған аймақпен сауда-саттығының 80%-ы Қазақстанға тиесілі. Биыл екіжақты сауда айналымы 45% ұлғайды. Біз бұл үдерістің сақталғанын қалаймыз. Сондай-ақ Франциядан тартылған тікелей инвестиция көлемі 15% артып, 900 млн долларға жуықтады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қазіргі кезде Қазақстан нарығында 200-ден астам француз кәсіпорны, соның ішінде Total, Alstom, Orano, Danone, Vicat, Airbus секілді танымал компаниялар жұмыс істейді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық байланыстарды кеңейтудің перспективті бағыттарына тоқталды

– Энергетика әрқашан өзара ықпалдастықтың негізгі бағыты саналған. Еуропа Одағына мұнай және уран жеткізуші ел ретінде Францияның энергетикалық дербестігін одан әрі қолдауға дайынбыз. Біз Қазақстанда француз өнеркәсібінің өкілдері көбірек болғанын қалаймыз. Өйткені олар отандық өндіріске озық технологиялар әкеледі. Еліміз әлемдегі ең ірі уран өндіруші саналады. Ал Францияның атом өнеркәсібінде тәжірибесі мол. Сондықтан біз атом қуатын бейбіт мақсатта пайдалану ісінде ынтымақтаса аламыз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Париж келісімін ратификациялап, 2060 жылға қарай ауаға таралатын зиянды заттар мөлшерін нөлдік деңгейге жеткізу жөнінде міндеттеме алған Орталық Азиядағы алғашқы ел екенін жеткізді. Президенттің айтуынша, елімізде жел, күн және су энергиясы бағыттарында ауқымды жобаларды жүзеге асырғысы келетін ірі халықаралық компаниялардың қатары көбейді. Мәселен, Total Energies компаниясы 1,1 млрд доллар құйып, қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр станциясын салуды жоспарлап отыр.

Президент су ресурстарын және жылумен қамту ісін тиімді басқаруды тағы бір басым бағыт ретінде атады. Климат өзгеріске ұшырап жатқан кезеңде аталған салалардың Қазақстан үшін маңызы орасан зор. Бұл ретте Suez және Veolia компанияларымен ынтымақтастық су инфрақұрылымын жаңғыртуға оң ықпал етпек.

– 2040 жылға қарай дүние жүзінде аса маңызды шикізатқа сұраныс төрт есе артады. Демек Қазақстан Франция мен Еуропа өнеркәсібіне сенімді шикізат жеткізушіге айнала алады. Қазіргі кезде біз Еуропа Одағының экономикасы үшін өте маңызды 34 шикізат түрінің 19-ын өндіреміз. Бұл санатқа титан, мыс, магний және скандий секілді элементтер кіреді. Болжамға сәйкес, Қазақстанның жер қойнауында жоғары технологиялық және экологиялық өндірістердің барлығында дерлік сұранысқа ие литий, берилий және тантал сияқты сирек кездесетін үш минералдың мол қоры бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Содан кейін мемлекет басшысы Électricité de France компаниясының бас директоры Люк Ремонмен кездесу барысында энергетика саласындағы ынтымақтастық перспективасын талқылады.

Француз компаниясы Қазақстанда салынатын АЭС құрылысына арналған ядролық технологияларды әлеуетті жеткізушілердің қысқа тізіміне енеді. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде осы маңызды жобаны жүзеге асырудың ықтимал моделі ретінде халықаралық консорциум құру мүмкіндігі қарастырылып жатқанын атап өтті.

Люк Ремон өз кезегінде «Қазатомөнеркәсіп» компаниясымен өзара тиімді серіктестікті жалғастыруға ниетті екенін растады.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы Orano S.A. компаниясының президенті Николя Масты қабылдады.

Кездесуде ғылыми-техникалық, сондай-ақ сирек кездесетін металл өндіру мен өңдеу саласындағы қазақ-француз стратегиялық серіктестігін нығайту перспективалары талқыланды.