Мемлекет басшысы отандық IT-бизнестің көкжиегін кеңейтуді негізгі міндеттердің бірі ретінде қарастыруға шақырды.

Бұл бағытта қазірдің өзінде көп жұмыс істелді. Astana Hub-тың негізінде кәсіпкерлерге барынша қолайлы жағдай жасалды. Еліміздегі IT қызметтердің экспортынан түскен табыс 1 миллиард долларға жуықтады. Зияткерлік өнім өндіретін, оны шетелге сататын жобаларға мемлекеттік қолдау көрсетілуі қажет, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект технологияларын өндіріс саласына енгізуді ынталандыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ цифрлық төлем инфрақұрылымына қатысты мәселені шешуді тапсырды. 

Президенттің айтуынша, жасанды интеллектіні экономиканың нақты секторында кеңінен қолдану технологиялық дербестік пен экономикалық өсімнің маңызды факторы саналады. 

Үкіметтің алдында өнеркәсіпке озық технологиялар енгізу үшін ынталандыру тетіктерін қарастыру міндеті тұр.

Азаматтарға арналған банк қызметтеріне айрықша тоқталғым келеді. Менің тапсырмаммен Ұлттық банк цифрлық қаржы инфрақұрылымын жасады. Оның аясында банкаралық QR-төлемдер және аударымдар, цифрлық теңгемен есеп айырысу қызметтері пайда болды. Бұл төлем тізбегіндегі делдалдар санын қысқарту арқылы шығынды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Банктер заң жүзінде аталған инфрақұрылымға қосылуға міндеттелді. Алайда ірі банктер бұл талапты созбалаңға салып, орындамай отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың 13 қарашасында банктер арасында бірыңғай QR іске қосылады. Бұл туралы Алматыда өткен Central Asia Fintech Summit шарасында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов хабарлады.

Бірыңғай QR-код жобада қатысушы банктің қосымшасы арқылы төлем жасауға немесе төлем қабылдауға мүмкіндік береді.

Бірыңғай QR жүйесіне қатысатын банктер:  Halyk Bank, Kaspi Bank, Нұрбанк, Freedom Bank, Bereke Bank, RBK, Home Credit, БЦК, Altyn Bank, Forte Bank.

Айта кетсек, қыркүйектің аяғында Ұлттық Банк банктердің мобильді қосымшалары арқылы тауарлар мен қызметтерге төлем жүргізу үшін «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ұлттық төлем корпорациясы» АҚ базасында банкаралық QR-төлемдер сервисі іске қосылғанын хабарлаған еді. Ол кезден бастап QR-төлемдер сервисі ЦентрКредит Банкі, Home Credit Bank және Freedom Bank клиенттеріне қолжетімді болған. Алайда бірқатар банк бұл жүйеге қосылмайтынын айтып, қарсы болған еді.