Еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген қаражаттың жұмсалуына сараптама жасайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Ақорда.

«Ауыл шаруашылығын субсидиялау жайында. Соңғы 5 жылда бұл мақсатқа 2 трлн теңгеден астам қаражат бөлінді. Нәтижесінде не болды? Бюджет қаражаты жұмсалады, оның жұмсалуына бірыңғай бақылау жоқ. Айтарлықтай экономикалық тиімділігі де жоқ», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұзда өтіп жатқан моноқалаларды дамыту мәселелеріне арналған жиналыста.

Ақорданың Twitter-дегі парақшасында Президент жемқорлыққа қарсы қызметке бұл салаға сараптама жүргізуді тапсырғаны атап өтілген.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке прокуратурамен және басқа да органдармен бірге бұл салаға кешенді сараптама жасауды тапсырдым. Оған қоғамды және аграрийлердің өздерін де тарту керек», - деді Мемлекет басшысы.