Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның алдағы үш жылда толыққанды цифрлық елге айналуы керек екенін айтты. Бұған дейін президенттің төрағалығымен өткен жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөнінде кеңесте ол алдағы бес жылдың ішінде Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуы керек екенін айтқан еді. Ал бүгінгі Жолдауда ол  жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатқанын атап өтті.

«Басқаша болуы мүмкін емес, себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек. Әйтпесе, артта қалудың салдары өте ауыр болады. Сондықтан мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек», - деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санайтынын айтты. 

«Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет.  Ол үшін, ең алдымен, Цифрлық кодексті тезірек қабылдаған жөн.Бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалуға тиіс.  Жаңа технологиялық қалыптың ажырамас бөлігіне айналу үшін бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін қайта құрып, оның азаматтар мүддесіне сай болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ, ашықтығы мен тиімділігін еселеп арттыру керек. Сондықтан қазіргі құзырлы министрліктің негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санаймын. Жаңа министрлікті Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы керек», - деді президент.