Биылғы қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша, еліміздің мемлекеттік бюджетіне 14,8 трлн теңге түсті, бұл бір жыл бұрынғыдан 31,1% артық, деп хабарлайды ranking.kz.
Салыстыру үшін: өткен жылдың сәйкес кезеңінде мемлекеттік бюджеттің кірісі 11,3 трлн теңгені құрап, бір жыл ішінде 10,4% өсті.
Мемлекеттік бюджет кірісінің 71,9%-ын салықтық түсімдер құрады: 10,7 трлн теңге – бір жыл бұрынғыдан бірден 41,4% артық. Оның ішінде қосылған құн салығынан – 4,2 трлн теңге, табыс салығынан – 3,8 трлн теңге, халықаралық сауда және сыртқы операциялардан түсетін салықтардан – 1,6 трлн теңге, әлеуметтік салықтан – 741,2 млрд теңге, мүлік салығынан – 351,5 млрд теңге түсті.
Салықтық емес түсімдер бір жылда 39,5% өсіп, 343,7 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде мемлекеттік мүліктен түскен кіріс 140,4 млрд теңгені, мемлекеттік мекемелер салған айыппұлдар, өсімпұлдар, санкциялар, өндіріп алулар – 79,4 млрд теңге, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердің тауарлар мен қызметтерді сатудан түскен түсімдер – 2,5 млрд теңгені құрады.
Негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер бір жылда бірден 33,8% өсіп, 171 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде мемлекеттік мекемелерге бекітілген мемлекеттік мүлікті сатудан түскен кіріс 145,9 млрд теңгені, жер учаскелері мен материалдық емес активтерді сатудан – 23,8 млрд теңгені, мемлекеттік материалдық резервтегі тауарларды сатудан – 1,3 млрд теңгені құрады.
Трансферттердің түсімдері бір жылда 7,6% өсіп, 3,7 трлн теңгеге жетті.