Қазақстандағы мұнай-газ саласының ең ірі ойыншысы – Теңізшевройл (ТШО) 2024 жылғы қаржылық есебін жариялады. Компания табысын сақтап қалғанымен, шығындардың күрт өсуі таза пайдаға айтарлықтай қысым түсірген.
Жиынтық табысы
2024 жылы ТШО-ның жиынтық табысы 18,9 млрд долларды құрады. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен (19,4 млрд доллар) сәл төмен, ал 2022 жылмен салыстырғанда (23,8 млрд доллар) біршама азайған.
Шикі мұнай сатудан түскен табыс – 17,8 млрд доллар болып, бір жыл бұрынғы деңгейден төмендеген. Қосымша өнімдер сатудан түскен табыс 1,05 млрд доллар болып, 2023 жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскен. Пайыздық табыс та азайып, 139 млн доллар болды.
Шығындар күрт артты
Компанияның негізгі проблемасы шығын құрылымында болып отыр. 2024 жылы жалпы шығын 15,9 млрд долларға жетті. Бұл 2023 жылдағыдан (11,8 млрд доллар) 4 млрд-қа жуық артық. Эксплуатациялық шығындар 1,38 млрд доллар, жобалық шығын 639 млн доллар (бір жыл бұрын 283 млн доллар), Сату және тасымалдау шығындары – 2,3 млрд доллар, амортизация – 6,94 млрд доллар (үш жылдағы ең жоғары көрсеткіш), роялти – 2,1 млрд доллар (былтырға қарағанда төмен) болды.
Сарапшыларшығынның күрт өсуі жобаларды кеңейтуге, активтерді амортизациялауға және логистика шығындарының артуына байланысты дейді.
Таза пайда үш есе азайды
Шығындардың өсуі ТШО-ның қаржылық нәтижесіне тікелей әсер етті: Салыққа дейінгі пайда – 3,0 млрд доллар (2023 ж. – 7,5 млрд доллар; 2022 ж. – 11,4 млрд доллар). Таза пайда – бар болғаны 2,1 млрд доллар. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда екі жарым есе, 2022 жылмен салыстырғанда төрт есеге жуық төмен.