Автор: Асан Құрманбеков, Halyk Finance

Қазан айында Қазақстаннан тауар экспорттау көрсеткіштері тағы да қысқарды, ал импорт онша қатты зардап шекпеді. Дегенмен, екі көрсеткіш те әлі де айтарлықтай жоғары деңгейде тұр. Сыртқы саудадағы профицит мұнай бағасының түсуі мен импорттың рекордтық деңгейге дейін өсуіне байланысты қысым көріп отыр. Біздің ойымызша, сыртқы саудадағы профициттің төмен көрсеткіші әзірге сақталады, ал бұл теңге бағамы үшін жағымсыз фактор.

ҚР Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, қазан айында тауар экспорты ай сайынғы есепте 3,0% (-0,1% ж/ж) төмендеп, 7,1 млрд долларды құрады. Дегенмен, экспорттық жеткізілімдер әлі де 7 млрд доллардан жоғары деңгейде тұр (биылғы 10 айдың тек 4-еуінде ғана осындай көрсеткіш болған). 2025 жылдың 10 айында жалпы экспорт көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,6% азайып, 64,6 млрд доллар болды (2024 жылдың 10 айында – 67,7 млрд доллар).

Қазанда импорт көлемі де азайды, бірақ небәрі 0,3% (ай сайын) төмендеп, 5,8 млрд долларды құрады. Ал жылдық есепте, керісінше, 5,9%-дық өсім көрсетті. Жалпы алғанда, 2025 жылдың 10 айында тауар импортының жалпы көлемі 4,7% өсіп, 51,7 млрд долларға жетті (былтыр – 49,4 млрд доллар). Қазан айындағы импорт көрсеткіштері, аздап төмендегеніне қарамастан, өткен айдағы тарихи рекордтық деңгейге жақын болып қалды.

Импорттың мардымсыз төмендеуі мен экспорттық түсімнің айтарлықтай азаюы қазан айындағы сауда балансының профицитін 1,3 млрд долларға дейін қысқартты. Нәтижесінде, 2025 жылдың 10 айында сыртқы сауда профициті жылдық есепте 30%-ға жуық төмендеді (18,3 млрд доллардан 12,9 млрд долларға дейін).

Қазақстан экспортының 55%-ы көмірсутектерге тәуелді болғандықтан, біздің сыртқы саудамыз мұнай нарығындағы жағдайға тікелей байланысты. Ал мұнай нарығында 2022 жылдың екінші жартысынан бастап төмендеу тренді сақталып келеді. Жыл басынан бері мұнай котировкалары 12%-дан астам арзандап, қазан айында барреліне 65 доллардан төмен түсті.

Елде мұнай өндіру көлемі айтарлықтай өссе де, бұл бағаның құлдырауын өтеуге жеткіліксіз болды. ҚР Энергетика министрлігінің соңғы мәліметінше, 2025 жылдың 11 айында мұнай экспорты 73,4 млн тоннаны құрады, бұл былтырғыдан 16,1% жоғары. Егер мұнай өндіру осылай өспегенде, сауда балансы мен теңге бағамының жағдайы әлдеқайда нашар болар еді. Бұған қоса, мұнай экспорттаушылардың кедендік декларациялауды кешіктіріп жасауы статистикадағы деректердің кеш көрінуіне әкеледі. Осылайша, 10 айдағы тауар экспортының 3 млрд долларға қысқаруы көмірсутектерді сатудан түсетін түсімнің азаюымен тұспа-тұс келіп тұр.

 «Қызған» ішкі сұраныс импорттық өнімдерді тұтынуды айтарлықтай арттырды, бұл сыртқы сауда балансын одан әрі нашарлатты. Импорттың ішіндегі ең ірі үлес — машиналар мен жабдықтарға (44%) тиесілі. Биылғы 10 айда бұл бап бойынша тауар тасу 1,6 млрд долларға өсті.

Нәтижесінде, энергия ресурстарынан түсетін түсімнің азаюы мен бюджеттік ынталандыру есебінен импортқа деген сұраныстың артуы сыртқы сауда профицитінің ай сайын орта есеппен жарты миллиард долларға қысқаруына әкелді.

Биылғы сыртқы сауда шарттары еліміз үшін онша қолайлы емес. Экспорттың шикізатқа тәуелділігі тағы да сыртқы табыстың азаюына әкелді. Ал бюджет жүйесі арқылы экономикаға құйылған қаражат, тіпті ұлттық валюта бағамы әлсіреген күннің өзінде, импортқа деген ішкі сұранысты арттырып жіберді.

Біздің болжам: Алдағы айларда мұнай бағасының біртіндеп төмендеу тренді сақталуы мүмкін. Бұл Теңіз кенішінде мұнай өндіру қарқынының баяулауымен қосылып, ұлттық валютаға деген қысымды күшейтеді, сәйкесінше тауар импортының өсуі тежеледі. Алайда, бюджет саясатындағы тәртіптің әлсіздігі мен мемлекеттік жеңілдікті несиелеудің ауқымдылығы сыртқы шоттарды теңестіру процесін ұзаққа созып жіберуі мүмкін.