Тазалықшылар мен аула сыпырушылар табысы заңдастырылмақ

Қазақстанда клининг саласындағы жұмыскерлердің еңбек қатынастарын заңдастырып, олар үшін кәсіби оқыту мен әлеуметтік кепілдіктер жүйесін қалыптастыру ұсынылды. Бұл бастаманы ЖСДП фракциясының депутаты Нұрайнаш Камалова көтерді.

Салалық қауымдастықтар мен сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанда клининг саласында шамамен 1,5 млн адам жұмыс істейді. Алайда депутаттың айтуынша, қазір салада нақты қанша адам еңбек ететінін, олардың қаншасы ресми жұмысқа орналасқанын, табыс деңгейін, кәсіби құрылымын және оқуға қажеттілігін анықтайтын бірыңғай механизм жоқ.

Ресми табыс пен әлеуметтік кепілдіктер мәселесі

Камалованың айтуынша, клининг саласындағы жұмыскерлердің ресми табысы төмен болғандықтан, бейресми жұмыс істеп табыс табуы мүмкін. Депутаттың пікірінше, бұл әлеуметтік және зейнетақы кепілдіктерінен, еңбек құқықтарынан және басқа да әлеуметтік қорғау тетіктерінен айырылу қаупін арттырады.

Осы орайда депутат:

  • саланы кешенді талдап, жұмыскерлер саны бойынша ресми статистика қалыптастыруды;

  • клининг саласында кәсіби біліктіліктерді дамытуды;

  • мамандарды техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде даярлау мүмкіндігін қарастыруды;

  • бейресми жұмыспен қамтуды қысқартуға бағытталған шаралар әзірлеуді;

  • біліктілік жүйесін дамытып, жұмыскерлердің ресми табысын арттыруға жағдай жасауды;

  • клининг мамандықтарын тиісті біліктілік талаптары мен кәсіби оқыту мүмкіндіктері бар толыққанды жұмысшы кәсіптері ретінде тануды;

  • жұмыскерлердің қаржылық сауаттылығы мен әлеуметтік қолдауын күшейтуді;

  • клининг саласы жұмыскерлерінің қоғамдық мәртебесін көтеруді ұсынды.