Есеп комитетінің басшысы Наталья Годунова Сенаттағы баяндамасында осылай деді.
Есепті кезеңде жалпы сомасы 413 млрд теңгеге қаражат тиімсіз пайдаланылған және игерілмеген, соның ішінде:
- қаржылық бұзушылықтар – 79 млрд теңге, оның 85% - бухгалтерлік есеп бойынша;
- тиімсіз жоспарланғаны және пайдаланылғаны – 202 млрд теңге;
- республикалық бюджетке қаражаттың қайтарылуы 17 млрд теңгені құрады;
- қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қалдық – 47 млрд теңге.
Соңғы үш жылда Есеп комитеті құқық қорғау органдарына 121 материал жіберді, оның ішінде өткен жылы – 56 материал.
Бүгінде 32 материал бойынша іс жүргізілуде, сотқа тек 3 іс жіберілген. Біздің білуімізше, қазір көптеген материал бойынша тергеу қайта басталуда.
Үкімет аудиттердің көпшілігі бойынша анықталған бұзушылықтарды жою жұмыстарын жүргізіп жатқанын мойындауымыз керек. Көп нәрсеге қол жеткізілді.
Бұл ретте шешілуі мемлекеттік ресурстардың жұмсалу тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін бірқатар жүйелік проблемаларды атап көрсеткен маңызды деп санаймыз.
Біз тапқан табысымыздан артық жұмсаймыз.
2021 жылы республикалық бюджет шығыстарының (16,3 трлн теңге) таза кірістермен қамтамасыз етілуі (Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген және нысаналы трансферттерді және қарыздар түсімдерін есептемегенде) 50%-ды құрады. Шикізат секторын есепке алмағандағы біздің нақты мүмкіндіктеріміз осы.
Бюджеттің шектеулі мүмкіндіктеріне қарамастан, 2021 жылы біз 1100-ден астам жаңа жобаны бастадық. Инвестициялық жобалардың басым бөлігі (90%) Ұлттық қор қаражаты есебінен іске асырылды. Бұл ретте өткен жылы жоспар бойынша 64 жоба аяқталған жоқ.
Ұлттық қор қаражатының жұмсалуы, біріншіден, бекітілген Тұжырымдамаға сәйкес келмейтінін, екіншіден, әлемдік экономиканың даму болжамдарына қайшы келетінін атап өту керек.
Дүниежүзілік банктің ақпараты бойынша әлемдік экономиканың өсу қарқыны 2021 жылғы 5,7%-дан 2022 жылы 2,9%-ға дейін күрт төмендейді. Бұған қоса басқа да сыртқы жағымсыз факторлар бар, мұның бәрі біздің экономикамызға да өз әсерін тигізетіні анық. Және жақсы жағынан емес. Біз бұған дайын болуымыз керек.
Биыл мұнай бағасының жоғары болуы бізді құтқарып отыр.
Алайда, Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың жартысынан көбін біз ағымдағы іс-шараларға жұмсаймыз!
Енді алдағы жылға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде де солай болып жатқан сияқты.
Қарапайым логикаға сүйенсек, ағымдағы бюджет толығымен қалыптастырылуы тиіс. Осыдан кейін ғана, содан қалғанынан даму бюджеті қалыптастырылуы керек.
Қаржы жылының ортасында Ұлттық қордан қаражат бөлу туралы мәселені төтесінен қоймауы үшін, Қаржы министрлігі осы позицияны ұстанады деп үміттенеміз.
Біздің ойымызша, Президент осы мәселеге қатысты өте нақты тұжырым берді. «Республикалық бюджет Ұлттық қор қаражатын пайдалануға арқа сүйемеуі тиіс. Трансферттерді біртіндеп қысқарту керек».
Мемлекеттік борыштың өсу үрдісі туралы бірнеше жыл бойы айтып келеміз. Ал не болды деп ойлайсыздар? 2021 жылы 1,1 трлн теңгеге сыртқы қарыздар тартылды. Бұл 2020 жылға (297 млрд теңге) қарағанда 4 есе көп.
Салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіруде резервтер бар, олардың ең бастысы – салық салу базасын кеңейту – көлеңкелі экономиканы заңдастыру.
Пандемияға дейін Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша бұл цифр 20%-дан сәл жоғары болды.
Қазіргі болып жатқан экономиканың жандануын және пандемия кезеңіндегі бизнестің шығындарын ескерсек, ол 30%-ға қайта жақындайды деп санаймыз.
Бюджетаралық қатынастар.
Соңғы 5 жылда (2017-2021 жылдары) донор өңірлерде алып қоюлар 1,6 трлн теңгені құрады. Бұл ретте оларға берілетін нысаналы трансферттердің көлемі алып қоюлардан 500 млрд теңгеге асып, 2,1 трлн теңгені құрады (30%-ға артық).
Ұлттық экономика министрлігі өткен жылы қабылдаған Жалпы сипаттағы трансферттерді айқындаудың жаңа әдістемесі жұмыс істемейді. Донор өңірлерге алып қоюларды көбірек белгілейді, бірақ одан да көп трансферттер береді. Яғни аталған Әдістемеден айналып өтеді. Нәтижесінде жағдай өзгерген жоқ.
Ағымдағы жылы алып қоюлар сомасы 490 млрд теңгеге жоспарланғанымен, донор өңірлерге 712 млрд теңге нысаналы трансферттер жіберу жоспарланып отыр (45%-ға артық). Яғни дотациялық өңірлер үшін жағдай өзгерген жоқ, тіпті нашарлап кетті.
Үкімет әзірленген және жарияланған тәсілдерді ұстанғанын қалар едік.
2021 жылы мемлекеттік жоспарлау жүйесіне трансформация жүргізілді
Бұл өзгеріс мемлекеттік ресурстарды «желге ұшырмауға» және әр салада басты міндеттерді шешуге баса назар аударуға мүмкіндік береді деп үміттендік. Ұлттық жобалар қабылданды. Бірақ шын мәнінде көп өзгеріс болған жоқ. Олардың басым көпшілігі жай ғана мемлекеттік бағдарламаларды алмастырды.
Процестен нәтиже басым түскен жоқ. Қажеттіліктің тек 57%-ы ғана қаржыландырылды. Себебі – қолда бар қаражаттың шеңберінде басымдықтарды дәл айқындай алмадық. Қажетті көлемде қаржыландыру болмаса, нәтижені де талап ете алмаймыз! «Ақшасын таңертең бересің, қажетіңді кешке аласың» дегендей.
Өңдеу өнеркәсібін дамытпайынша, жолдар мен инфрақұрылымның салынуы мультипликативтік әсер бермейді.
Оның ЖІӨ-дегі үлесі соңғы 10 жылда 11%-дан 13,3%-ға дейін ғана өсті.
Ал мемлекеттік қолдау ретінде айтарлықтай ресурстар бөлініп, жүздеген миллиард салықтық жеңілдіктер мен инвестициялық преференциялар берілді.
Мүмкін, бұл жағдайда басты міндетіміз – тамақ өнімдерінің бағасын ұстап тұрып, оларды өзіміз шығаруды көбейту керек шығар!
Сонымен қатар, импорт алмастыру саясатынан күтілгендей қайтарым жоқ. Аграрлық әлеуеті жоғары ел болсақ та, отандық тауар өндірушілер Қазақстанның тіпті негізгі азық-түлік тауарларына деген сұранысын да қанағаттандыра алмады. Жағдай мынадай, кейбір кезде қайта өңдеуді дамытқаннан гөрі, шикізатты сыртқа әкеткен әлдеқайда тиімді.
Нәтижесінде тамақ өнімдерін, соның ішінде біздің шикізаттан жасалған өнімдерді де импорттаймыз.
Соның салдарынан халықтың тұтынушылық шығыстарында 50%-ға жуығын тамақ өнімдері алып отыр. Оның үстіне инфляцияның жоғары болуынан халықтың көңіл-күйі де ЖІӨ-нің төрт пайыз өсуіне сәйкес келмейді.
Бұл жерде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы іске қосылуы тиіс еді. Алайда, іс жүзінде қаражаттың жартысы ғана тамақ және жеңіл өнеркәсіпке, қалғаны қонақүйлер, жеке мектептер, стоматология, көрсетілетін қызметтерге бағытталған. Мұны тіпті халық тұтынатын тауарлар өндірісіне жатқызу да қиын.
Арнайы экономикалық аймақтар қызметінің тиімділігіне аудит жүргізілгеннен кейін бір жылдан астам уақыт өтті.
Бұл мәселе жұмыс топтары мен комитеттер отырыстарында белсенді түрде талқыланғандықтан, оны қосып отырмын.
Әкімдіктер мен басқарушы компанияларға берілген 100-ден артық тапсырманың барлығы дерлік орындалды.
Үкіметке берілген, соның ішінде бірқатар арнайы экономикалық аймақтардың одан әрі жұмыс істеуінің орындылығын қарау және АЭА қатысушылары алған жер учаскелерінің кепілге берілуіне шектеу қою бөлігінде Жер кодексіне өзгерістер енгізу бойынша төрт ұсынымға қатысты жұмыстар жүргізілуде.
Әрине, АЭА қызметінің көрсеткіштері айтарлықтай жақсарған жоқ. Олардың өнім шығаруы ЖІӨ-де бұрынғысынша бар болғаны 1,5%-ды алып отыр, ал экспорттағы үлесі мүлдем мардымсыз, яғни 0,2% ғана. Бірақ бейінді Министрліктің кешенді жұмыс жүргізіп жатқанын айта кету керек.
Көптеген проблемалардың шешілуі заңнамаға өзгерістердің енгізілуімен байланысты болғандықтан, біз орындау мерзімін ұзарттық. Желтоқсан айында бізде жиынтық ақпарат болады.
Үкімет қажетті құжаттар топтамасын дайындап, Парламенттің күзгі сессиясында қарауға енгізеді деп ойлаймын.
Квазимемлекеттік сектордың тиімділігін арттыру туралы.
Мемлекеттің экономикаға қатысуы баяу қарқынмен болса да, қысқарып жатыр. Өкінішке қарай, сапалы – тек мемлекеттік кәсіпорындар есебінен.
Осындай объектілердің жекешелендірілуіне қатысты мәселелер бар. Объектілердің 40%-ға жуығы нарықтық құнынан төмен жалпы алғанда 23,5 млрд теңгеге арзан сатылған.
Квазимемлекеттік секторды республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі әлі де жоғары – 722 млрд теңге. Бұл мәселелерде дербестік көрсететін уақыт келген сияқты. Мемлекет пайда алу мен дамуды мақсат етіп отыр. Ал іс жүзінде шығындар 203 млрд теңгені құрады, оның 93%-ы акционерлік қоғамдарға – пайда әкелге және кірістер табуға тиіс ұйымдарға тиесілі.
Оның үстіне, оларға жиі артықшылықпен жағдайлар жасау әлі де сақталып отыр. Мемлекеттік тапсырма орналастырылады, жеңілдікпен кредит беру қамтамасыз етіледі, нысаналы салымдар мен аударымдар жасалады.
Дивидендтер мардымсыз. Таза кірістің 16%-ын құрайды, ал Мемлекет басшысының тапсырғаны – 70%. Шамамен 500 млрд теңге толық алынбаған.
Бұлар, біздің көзқарасымыз бойынша шешілуі тиіс маңызды проблемалар.