Шілде айының қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 474,15 теңгеге дейін 0,5%-ға әлсіреді. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 183 млн АҚШ долларынан 170 млн АҚШ долларына дейін төмендеді. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 3,7 млрд АҚШ долларын құрады.
Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін шілде айында 506 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 14%-ын және күніне 23 млн АҚШ долларынан аспайтын мөлшерді құрады. Ұлттық Банк Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде нарықтық бейтараптық қағидатын сақтайды. Бұл – шетел валютасын ұдайы және біркелкі сатуды білдіреді. Мұндай тәжірибе Ұлттық қор операцияларының валюта нарығына әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.
Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру мақсатында шілдеде биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алуды жалғастырды. Оның жалпы сомасы 275 млн АҚШ долларын немесе нарықтың жалпы көлемінің шамамен 7%-ын құрады.
Ұлттық Банк Үкіметтің Ұлттық қорға «Қазатомөнеркәсіп» АҚ акцияларын сатып алу туралы шешімін іске асыру аясында Ұлттық Банктің алтынвалюта резервтеріне конвертациялауды жүргізді. Конвертация Ұлттық қордың валюталық активтерінің бір бөлігін сату арқылы іске асырылды. Нарықтық бейтараптықты сақтау мақсатында Ұлттық Банк шілденің ортасынан бастап сатып алынған көлемді біркелкі түрде сатуға кірісті.
Шілдеде аталған операция аясында Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтерінен сату көлемі 115 млн АҚШ долларын құрады. 2024 жылғы тамыз айында алтын-валюта резервтерінен 230 млн АҚШ долларынан 250 млн АҚШ долларына дейінгі көлемде валюта сатып алу күтілуде.
Республикалық бюджетке трансферттер бөлуге Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша 2024 жылғы тамызда Ұлттық Банк Ұлттық қордан 500 млн АҚШ долларынан 600 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылуын күтеді.
2024 жылғы тамызда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін 200 млн АҚШ долларынан 250 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатып алу күтілуде.
Ұлттық Банк транспаренттілік қағидаты шеңберінде валюта нарығында жүргізілетін барлық операция туралы ақпаратты толық ашып көрсетуді мақсат етеді. Қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстана береді.