2021 жылдың 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасының сақтандыру секторында 27 сақтандыру ұйымы бар, оның 9 ұйымы – өмірді сақтандыру бойынша. Сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдарының жиынтық активтері 1,4%-ға ұлғайып, 1,71 трлн теңге болды. Ұлғаюға, негізінен, сату үшін қолда бар бағалы қағаздар көлемінің өсуі себепші болды.
Активтер құрылымында ең көп үлеске – бағалы қағаздардың 71,3% – 1,22 трлн теңге тиесілі, олар 2021 жылғы тамызда 27,5 млрд теңгеге немесе 2,3%-ға ұлғайды. Екінші деңгейдегі банктерге орналастырылған ақша қаражаты және салымдар 2021 жылғы тамызда 6,6 млрд теңгеге немесе 3,4%-ға ұлғайып, 199 млрд теңге немесе жиынтық активтердің 11,7%-ы болды.
Сақтандыру дебиторлық берешегі 2021 жылғы тамызда 5 млрд теңгеге немесе 7%-ға азайып, 66 млрд теңге немесе жиынтық активтердің 3,9%-ы болды. Бұл ретте міндеттемелер 17,9 млрд теңгеге немесе 1,8%-ға ұлғайып, 992 млрд теңге болды. Міндеттемелердің ұлғаюы, негізінен сақтандыру резервтерінің ұлғаюы есебінен болды, олар ең көп үлеске ие болды - 85,3% немесе 847 млрд теңге.
Сақтандыру ұйымдарының меншікті капиталы 2021 жылғы тамызда 5,5 млрд теңгеге немесе 0,8%-ға ұлғайып, 712 млрд теңге болды.
Сақтандыру секторының таза пайдасы, негізінен сақтандыру қызметінен алынған кірістер есебінен 2021 жылғы тамызда 2,4 млрд теңге болды.
Сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 476 млрд теңге болды, бұл өткен жылғы осындай кезеңге қарағанда 40,9%-ға көп. Соңғы 12 айда қабылданған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 33,7%-ға ұлғайды.
Оның ішінде міндетті сақтандыру бойынша өткен жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда сақтандыру сыйлықақыларын жинаудың 14,8 млрд теңгеге немесе 20,9%-ға ұлғаюы, негізінен көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру бойынша (9,9 млрд теңгеге немесе 23,4%-ға ұлғаюы) байқалады. Міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақыларының жалпы өсуі 12 айда 17,5% болды.
Ерікті жеке сақтандыру бойынша өткен жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда жиналған сақтандыру сыйлықақыларының 78,9 млрд тенгеге немесе 65,7%-ға өсуі байқалады. Өсім, негізінен, өмірді сақтандыру сыныбы бойынша сақтандыру сыйлықақыларын жинаудың 2,1 есе немесе 54,1 млрд теңгеге және зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша 42%-ға немесе 13 млрд теңгеге ұлғаюына себепші болды. Соңғы 12 айда ерікті жеке сақтандыру бойынша жиналған сақтандыру сыйлықақыларының 48,9%-ға өсуі байқалады.
Жеке және заңды тұлғалар бойынша жасалған сақтандыру шарттарының саны жылдың басынан бастап 7 577 394 шарт болды, бұл 2020 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 35,9%-ға көп. Бұл өсуге КҚИ АҚЖМС бойынша жасалынған сақтандыру шарттары санының 484 636 бірлікке немесе 15,3%-ға, туристі сақтандыру шарттарының 293 321 бірлікке немесе 5 есе, өмірді сақтандыру шарттарының 504 283 бірлікке немесе 54,4%-ға және жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттарының 112,5%-ға немесе 552 101 шартқа ұлғаюы себепші болды.
01.08.2021ж. жағдай бойынша жалпы сомасы 78,8 млрд теңгеге 466 992 төлем жүзеге асырылды, бұл өткен жылғы осындай кезеңге қарағанда 24,7%-ға аз. Соңғы 12 айда төлемдерді жүзеге асыру бойынша шығыстар 51%-ға азайды.