Табиғи және антропогендік сипаттағы табиғи апаттар бүкіл әлем халқына, экономикалар мен инфрақұрылымға үлкен қауіп төндіреді. Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанды қамтитын Орталық Азия сейсмикалық қауіп пен климаттық қатерлердің жоғары болуына байланысты өте осал. Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, тек жер сілкінісі аймаққа жыл сайын 2 млрд доллар шығын әкелуі мүмкін, бұл жыл сайын шамамен 4 млн адамға әсер етеді. Алайда, климаттың өзгеруіне байланысты су тасқыны Орталық Азия елдерінің экономикасы үшін негізгі қауіп факторларының біріне айналуда, экстремалды жайттардан болатын шығындар ЖІӨ-нің 1-6 пайызын құрамақ. Мұндай қаржылық салдарды азайту әрі уақтылы қалпына келтіруді қамтамасыз ету үшін апаттар қаупін қаржыландырудың тиімді стратегиялары қажет.
«Табиғи апаттар қаупін қаржыландыру және сақтандыру Орталық Азия елдерінің орнықтылығы үшін өте маңызды. Бүгінгі таңда Орталық Азия табиғи апаттарға дайындық бойынша қаржылық тапшылықты бастан кешуде. Тек Тәжікстан мен Өзбекстанда ірі табиғи апаттар кезінде тапшылық сәйкесінше 1,5 және 15 млрд долларға дейін жетуі мүмкін. Дамымаған сақтандыру нарықтары жағдайында бұл тапшылықтар елдердің бюджет қаражатын қайта бөлуді, қарыздарды тартуды немесе донорлық көмекті талап етуі мүмкін, бұл білім беру мен денсаулық сақтауға қажетті шығындардың қысқаруына әкелуі ықтимал немесе елдердің маңызды инфрақұрылымдық нысандарын жөндеусіз қалдырады», – дейді Дүниежүзілік банктің Орталық Азия жөніндегі аймақтық кеңсесінің операциялық менеджері Инду Джон-Абрахам.
«Дүниежүзілік банкпен бірлесіп ұйымдастырылған, әрі дер кезінде қолға алынған бұл бастама Қазақстан мен Орталық Азиядағы табиғи апаттар қаупін қаржыландыру мен сақтандыру саласының тиімді шешімдерін және табиғи апаттардан қаржылық қорғау стратегияларын іздеу үшін мемлекеттік және жеке секторларды біріктіреді. АХҚО-да біз табиғи апаттардан сақтандырудың жеке бағдарламаларын іске асыруға мүмкіндік беретін сақтандыру қызметін реттеудің тиімді жүйесін құрдық. Бұдан басқа, қорлар жүйесі үшін бізде реттеуші негіз құрылған, ол үкіметтерге шұғыл көмек пен қалпына келтіру қорларын құруға мүмкіндік береді. АХҚО реттеуші жүйесі апаттық облигацияларды шығаруға мүмкіндік береді, бұл ауқымды табиғи апаттар қаупін бірнеше сақтандырушылар немесе инвесторлар арасында бөлудің тағы бір әдісі», – деді AFSA бас директоры Евгения Богданова.
Іс-шара барысында қатысушылар табиғи апаттар қаупін қаржыландыру саласында тәжірибемен, озық практикамен және инновациялық тәсілдермен алмасу мүмкіндігіне ие болды. Іс-шараның мақсаты апаттарға байланысты артып келе жатқан шығындарды жабу, қалпына келтіру мерзімдерін қысқарту және апатқа дейінгіден де жақсы қылып құрылыс салу үшін өзекті шешімдерді табу болды.