Білім алу мақсатында жаңа қалаға көшу — студенттік өмірдің қызықты және жауапты кезеңі. Алматы және Астана сияқты ірі қалалардағы тұрғын үйді жалға беру нарығы ұсыныстарға толы, десе де, пәтерді алғаш рет жалға алып жатқандар үшін қауіп-қатерге толы. Бұл мақалада біз сізге қалай дұрыс баспана іздеу керектігін, не нәрсені назарда ұстау керектігін, студенттер үшін қай аудандар дұрысырақ екенін және қара ниетті жалға берушілердің айла-амалдарына түсіп қалмау керектігін айтамыз.

Әр түрлі аудандардағы бағаларды зерттеңіз

Пәтер іздеуді бастамас бұрын, сізді қызықтыратын аймақтардағы үйдің орташа бағасын бағалау маңызды. OLX Қазақстанның Жылжымайтын мүлік санатының көшбасшысы Анастасия Гаринаның айтуынша, ең дұрысы — университет жанынан пәтер немесе бөлме жалдау, бірақ мұндай аймақтарда жалға алу бағасы әдетте қымбатырақ болады. Идеалды нұсқа — университетке екі-үш аялдама жерде орналасқан метро станциясының немесе автобус аялдамасына жақын тұрғын үй, не болмаса оқу орнына ыңғайлы көлік қатынасы бар нұсқалар.

OLX.kz талдау қызметінің мәліметтері бойынша, Алматыда қазіргі уақытта бір бөлмелі пәтерлерді жалға алу туралы 8 583 ұсыныс және екі бөлмелі пәтерлерге арналған 4 791 ұсыныс бар.


Өзекті деректерге сәйкес, Астанадағы тұрғын үйді жалға беру нарығы да белсенділік пен ұсыныстардың алуан түрлілігімен сипатталады. Қазіргі уақытта әлеуетті жалға алушыларға бір бөлмелі пәтерлердің 9 843 нұсқасы және екі бөлмелі пәтерлердің 4 268 нұсқасы қолжетімді.


Сенімді ақпарат көздерін пайдаланыңыз

Тұрғын үйді таңдағанда, пәтердің сипаттамасы мен оның фотосуреттеріне назар аудару қажет. Мәтіннің аз болуы немесе оның болмауы, сондай-ақ тым тартымды жоғары сапалы фотосуреттердің болуы сақтықты қажет етеді, өйткені бұл жағдайда ақпарат агенттігіне тап болу ықтималдығы жоғары.

Біліксіз мамандар жалған хабарландыруларды әдемі фотосуреттермен және тартымды бағамен орналастырып, клиенттерді алдау арқылы тартуы мүмкін. Клиент қоңырау шалған кезде, олар әдетте пәтердің жалға берілгенін айтып, басқа, көбінесе іздегеніңізден әлдеқайда нашар нұсқаларды ұсынады. Бірақ ең қауіптісі — бұл ақпараттық агенттіктер. Олар клиенттерді риелторлық агенттіктер мен жеке риелторларға қарағанда төменірек бекітілген комиссиямен қызықтырады. Келісімшартқа қол қойып, ақша аударғаннан кейін, ақпараттық агенттіктер сізге қолайлы тұрғын үй тапқанға дейін пәтер иелерінің байланыстарын жіберіп тұруға уәде береді. Бірақ, әдетте, бұл алаяқтар. Олар расында да байланыс нөмірлерін жібереді, бірақ бұл адамдар көбіне пәтер иелері емес, немесе пәтерлер әлдеқашан жалға берілген, тіпті кейде мүлдем жоқ нөмірлер болуы мүмкін, дейді сарапшы Анастасия Гарина.

Құжаттарды тексеріңіз

Жалға алу келісімшартына қол қоймас бұрын, пәтерге қатысты құжаттарды міндетті түрде тексеріп, келісімшарттағы мәліметтерді жалға берушінің жеке куәлігіндегі деректермен салыстырыңыз.

Сарапшы Анастасия Гаринаның ұсыныстарына сәйкес, жалға берушінің тұрғын үйдің нақты иесі екеніне көз жеткізу қажет. Бұл үшін меншік құқығын растайтын құжаттарды талап етіңіз – (жылжымайтын мүлік объектісін сатып алу-сату келісімшарты, сыйға тарту құжаты, жекешелендіру келісімшарты және т.б. яғни, адамның осы мүліктің иесі болғанын растайтын алғашқы құжаттар), техникалық паспорт.

Құжаттардың түпнұсқа немесе нотариалды куәландырылған көшірмелер екеніне көз жеткізіңіз. Егер жылжымайтын мүлік бірнеше меншік иесіне тіркелген болса, онда әрбір меншік иесі пәтерді жалға беруге келісім беруі және келісімшарт жасау кезінде қатысуы керек. Немесе меншік иелерінің бірі барлық меншік иелерінен жылжымайтын мүлікті жалға беруге және осы үдерісте мәмілелер жасауға сенім білдіретін және рұқсат ететін нотариалды келісімге ие болуы қажет. Сондай-ақ, пәтердің кепілге қойылмағанын және оның қарызы жоқ екенін түсіну үшін жүктеме бар-жоғы туралы анықтаманы сұрау артық болмайды, деп ескертеді сарапшы Анастасия Гарина.

Пәтерге барып көріңіз

Ешқашан пәтерді алдын ала қарамай жалға алуға келіспеңіз. Алаяқтар басқа пәтерлердің фотосуреттерін жіберуі мүмкін, сондықтан шешім қабылдамас бұрын тұрғын үйді жеке көру маңызды. Бұл пәтердің жағдайына қатысты жағымсыз тосынсыйлардан да сақтайды.

Сарапшы Анастасия Гаринаның пікірінше, пәтерді жалға алмас бұрын тексеру керек қысқа тізім бар: сантехника, крандар, унитаз, құбырлардың қосылыстары, кір жуғыш машинаның шлангтары – барлығы жұмыс істеп тұруы керек. Терезелер мен есіктер қалыпты ашылып-жабылуы тиіс, олардан суық жел соқпауы керек. Розеткалар — өзіңізбен бірге телефон қуаттағышын алып, розеткалардың жұмыс істеп тұрғанын тексеріңіз. Техника — тоңазытқыш, плита, микротолқынды пеш, кондиционер және басқа да ірі немесе қымбат техникаларға ерекше назар аударыңыз. Пәтердің иісі мен жалпы жағдайы: темекі түтіні, ескі шаңды кілемдер, зең, бітелген қол жуғыш, тот басқан ванна – саудаласу үшін маңызды дәлелдер болып табылады.

Тексерусіз алдын ала төлем жасамаңыз

Алаяқтықтың ең көп таралған әдістерінің бірі – келісімшартқа қол қойылғанға дейін алдын-ала төлемді талап ету. Ақшаны ешқашан алдын-ала аудармаңыз, әсіресе егер сіз пәтерді әлі көрмеген және келісімшартқа қол қоймаған болсаңыз. Алаяқтар үйді жалға алғысы келетіндер көп деген желеумен ақша сұрауы мүмкін. Қандай да бір төлем жасамас бұрын кездесуге және пәтерді қарап-тексеруге келіскен дұрыс.

Жалдау шартына қол қойыңыз

Үй иесімен міндетті түрде жалдау шартын жасауды ұмытпаңыз. Шартта ай сайынғы төлем мөлшерін, жалдау мерзімін, кепілді қайтару шарттарын және тараптардың міндеттерін қоса алғанда, барлық жалдау шарттары нақты жазылуы керек. Бұл даулар туындаған жағдайда сіздің құқықтарыңызды қорғауға көмектеседі.

Тұрғын үй іздеу – бұл көңіл бөлу мен дайындықты қажет ететін жауапты іс. Жоғарыда келтірілген кеңестерге сүйене отырып, студенттер алаяқтармен соқтығысу қаупін едәуір төмендетіп, жағымсыз тосынсыйларсыз қолайлы баспана таңдай алады. Сақ болыңыз және өзіңізге ыңғайлы пәтерді табуыңызға тілектеспіз!