Биылғы жылдың екінші тоқсанында ҚР-да 8,8 млн адам жұмыспен қамтылды, бұл бір жыл бұрынғыдан 0,3% артық. Жұмыспен қамтылғандардың көпшілігі стандартты кесте бойынша жұмыс істейді, яғни негізгі жұмыста аптасына 36-40 сағат нақты жұмыс істейді, олардың саны 6,8 млн адам, көрсеткіш былтырғыдан 2,8% көп, деп хабарлайды finprom.kz.
Жылдың екінші тоқсанында аптасына 41 сағаттан астам жұмыс істейтін қызметкерлердің саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,7% азайып, 1,3 млн адамды құрады. Уақытша жұмыссыздар саны бір жылда 17% өсіп, 157,7 мың адам болды.
Қазақстанда орташа жұмыс уақыты аптасына 38 сағатты құрайды. 15 жастағы жұмыс істейтіндер үшін бұл көрсеткіш аптасына 12 сағатты, 16-24 жас аралығындағы жастар үшін 38 сағатты, 25-54 жастағы қазақстандықтар үшін 39 сағатты, 55-64 жастағы азаматтар үшін 36 сағатты, 65 жастан асқан жұмыс істейтін зейнеткерлер үшін 19 сағатты құрайды.
Аптасына 5 сағаттан аз жұмыс істейтін жұмыспен қамтылғандардың басым бөлігі ауыл, орман және балық шаруашылығы саласына тиесілі: 536 адам.
Өз кезегінде, аптасына 41 сағаттан астам жұмыс істейтін мәжбүрлі «еңбекқорлардың» көбі көтерме және бөлшек саудада және автокөлік жөндеуде, сондай-ақ құрылыс пен көлік-логистикалық сегментте жұмысқа орналасқан. Осындай жүктемесі ең аздар өнер, ойын-сауық және демалыс салаларында.
Аптасына 36-40 сағатты құрайтын стандартты жұмыс кестесі бар жұмысшылардың басым бөлігі сауда, білім беру және агробизнес саласында болса, сумен жабдықтау, кәріз және қоқыс шығару секторларында мұндай жұмыскерлер аз.
Мамандықтар тұрғысында аптасына 5 сағаттан аз жұмыс істейтіндердің көпшілігі басшылар мен мемлекеттік қызметшілер (544 адам), техниктер және басқа да көмекші кәсіби мамандар (500 адам), сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешендегі шаруалар мен жұмысшылар (313 адам).
Биылғы жылдың екінші тоқсанында 671,4 мың адам белгіленген жұмыс уақытынан аз уақытқа жұмысқа орналасты, бұл бір жыл бұрынғыдан 2,8% аз.
Себебі көпшілігіне жеткілікті жұмыс ұсынылмаған: 178,1 мың адам. Тағы басқа себептері табыстың жеткілікті болуы (95,2 мың адам) немесе жыл сайынғы еңбек демалысы мен мереке күндері (90,1 мың адам).
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі республиканың кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша түзетулер әзірледі, деп хабарлайды zakon.kz.
Интернет-платформаларды немесе кезеңдік жұмыс кестесі бар мобильді қосымшаларды пайдалана отырып жұмыс істейтін компаниялар қызметкерлерінің еңбегін реттеу ерекшеліктеріне жаңа нормалар қарастырылған. Сонымен қатар, тараптардың келісімі бойынша бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасына ауысу құқығымен төрт күндік жұмыс аптасын белгілеуге болады. Бірлескен жұмыспен қамту және басқа да инновациялар тұжырымдамасы енгізілген.