Алматының Бостандық соты First Heartland Securities компаниясына тиесілі Jusan Bank акцияларына шектеу қойды. Бұл туралы 21 ақпанда Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында жарияланған құжаттан белгілі болды.

Құжатта First Heartland Securities компаниясының 2023 жылғы 15 ақпандағы құны эмитент активтерінің жалпы баланстық құнының 10 және одан да көп пайызын құрайтын эмитенттің мүлкіне шектеу қою туралы ақпарат қамтылған.

Эмитенттің мүлкіне шектеу қою туралы шешім қабылдаған мемлекеттік орган Алматы қаласы Бостандық аудандық соты болып табылатыны,  шектеу қоюға талапты қамтамасыз ету туралы ұйғарым негіз болып табылатыны түсіндірілді. Эмитенттің шектеу қойылған мүлкі – жай және артықшылықты акциялар. Бағалы қағаздар эмитенті туралы ақпарат жолында Jusan Bank көрсетілген.

Тәркіленген бағалы қағаздардың жалпы саны 131 291 843 дана. Қамауға алынған күнгі активтердің жалпы құнына пайыздық қатынасы 67,58% құрайды, делінген құжатта.

Қазақстан қор биржасының деректері бойынша 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Jusan Bank-тың негізгі акционерлері 78,23% (акциялар саны 131 291 843) және АТФБанктің бұрынғы акционері «First Heartland Securities» АҚ болғанын атап өткен жөн. Қалған 19,67%-ы (33 001 596) Ғалымжан Есеновтің үлесі.

Jusan Bank АҚ баспасөз қызметі азаматтық талап тек банктің шетелдік акционерлеріне қатысты екенін және Банк қызметіне, сондай-ақ серіктестермен немесе халықаралық корреспондент-банктермен, халықаралық төлем жүйелерімен жасалатын қарым-қатынасқа әсер етпейтінін алға тартады.

Тиісінше, банк әдеттегідей еш шектеусіз жұмыс істей береді.

Jusan Bank тікелей немесе жанама түрде де жауапкер немесе соттасып жатқан тарап емес. Сондықтан банкке ешқандай санкциялар қолданылмайды.

Jusan Bank және оның активтері Қазақстанда орналасқан. Бүгінде Jusan қаржылық жағынан тұрақты әрі қарқынды дамып келе жатқан қазақстандық банктердің бірі. Банк Қазақстанда тіркелген, оның акционерлері – ҚР азаматтары. Банк Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігі мен мемлекеттік заңнаманың барлық талаптарын орындап отыр. Сондықтан Бас Прокуратура Jusan тобына қатысты арызының Jusan Bank қызметіне қатысы жоғын атап көрсетті.

Jusan Bank өз қызметін қалыпты жағдайда жалғастыра береді. Клиенттер алдындағы барлық міндеттемелер орындалады. ҚР Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігі де қаржы институтының тұрақтылығын және банктің барлық заң талаптары мен пруденциалды нормативтерге сәйкестігін растады.