2014 жылдан бастап республика бойынша баламалы қуат көздеріне 780 млрд теңге, оның ішінде 150 млрд теңге осы жылдың 9 айында тартылды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

1975 МВт көлемінде энергия генерациясының жиынтық қуаты бар 126 ЖЭК нысаны пайдалануға берілді, 2 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды.

ЖЭК-тен алынатын электр энергиясының 41%-ы күн электр станцияларында, 35%-ы жел электр станцияларында, 23,8%-ы шағын су электр станцияларында өндіріледі.

2030 жылға қарай электр энергиясын генерациялау құрылымындағы ЖЭК үлесін қолда бар 3%-дан 15%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін ЖЭК-тің 7 ГВт жаңа қуаттарын іске қосу қажет, бұл салаға 3 трлн теңге көлемінде инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Қазақстан Үкіметі «ADQ» араб компаниясымен және «Тotal Energies» француз компаниясымен уағдаластыққа қол жеткізді.

Ірі ауқымды жобалар алдағы 10 жылда 5 ГВт жаңа ЖЭК қуатын кезең-кезеңімен енгізуді көздейді.

Бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру атмосфераға парниктік газдар шығарындыларының көлемін 8 млн тоннаға азайтуға, қосымша 20 млрд кВтс жасыл энергия өндіруге және 3 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.