Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Астанада өткен V Еуразиялық экономикалық форум аясында Қазақстанның көлік-логистика секторын дамыту, сауданы цифрландыру және елдегі негізгі инфрақұрылымдық жобалар туралы айтты.
Айтуынша, Қазақстан аумағы арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтетінін еске салды. Оның ішінде 5 теміржол және 8 автомобиль бағыты бар. Соңғы бес жылда Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) арқылы жүк тасымалы 2020 жылғы 0,8 млн тоннадан 2024 жылы 4,5 млн тоннаға дейін, яғни 6 есе өскен.
2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл бағыттағы тасымал көлемі 62% артқан, ал контейнерлік тасымал 2,7 есе көбейіп, 56,5 мың контейнерге жеткен. Орта дәліздің өткізу қабілеті жылына шамамен 6 млн тонна жүк пен 182 мың контейнерді құрайды. Қазақстан 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті жылына 10 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар министр Қазақстан Иран, Парсы шығанағы елдері, Үндістан және Пәкістан бағытына шығуды қамтамасыз ететін «Солтүстік — Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамытуды жалғастырып жатқанын айтты.
Министр электронды сауданың дамуына да тоқталды. Халықаралық талдау платформаларының деректеріне сүйенген Шаққалиевтің айтуынша, әлемдік электронды коммерция нарығының көлемі қазірдің өзінде 6 трлн доллардан асқан, ал 2030 жылға қарай 8–9 трлн долларға жетуі мүмкін.
Қазақстанда электронды сауда көлемі елдегі бөлшек сауданың шамамен 15%-ын немесе 4 трлн теңгені құрайды.