Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары О. Смоляковтың айтуынша, қаржы ұйымдарына қатысты бірқатар талаптар заңнамалық деңгейде белгіленді: ұсынылатын қаржы өнімдері туралы қаржы реттеушісіне хабарлау, қаржы ұйымдары директорлар кеңесінің мөлшерлемелердің шекті шамаларын және ұсынылатын қаржылық қызметтердің тарифтерін бекітуі, тұтынушылардың қаржы операциялары бойынша міндеттемелерін бұзғаны үшін есептелетін айыпақылардың (айыппұлдардың және өсімпұлдардың) шекті мөлшерлері айқындалды.
Қаржы ұйымдары үшін тұтынушының қаржылық қызметті таңдау құқығын шектеуіне заңнамалық тұрғыдан тыйым салынды, тұтынушылардың өз міндеттемелерін орындауы бойынша олардың қаржы ұйымдарымен арасындағы дауларды реттеу, оның ішінде қаржы омбудсманы институты арқылы реттеу тәртібі де регламенттелді.
«Тұтынушылар үшін қаржы ұйымдарының қызметі мен олар көрсететін қызметтер туралы толық ақпаратты және оның қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін заңдарда осы ақпаратты қаржы ұйымының интернет-ресурсында орналастырудың міндеттілігі белгіленген. Бұл ретте шындыққа сәйкес келмейтін жарнаманы жариялағаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленген», - деп атап өтті О. Смоляков.
Сонымен қатар 2021 жылғы мамырда банктер мен МҚҰ үшін азаматтардың қарыздар бойынша мерзімі өткен берешегін реттеудің бірыңғай міндетті тәртібін қамтитын бірқатар заңнамалық түзетулер қабылданды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Агенттік азаматтарды коллекторлық ұйымдардың заңсыз әрекетінен қорғау үшін коллекторларды реттеуді қатаңдату бойынша қосымша шаралар әзірлеуде», - деп атап өтті қаржы реттеушісі Төрағасының бірінші орынбасары.
Азаматтардың құқықтарын алаяқтық операциялардан қорғау және жалған онлайн-микрокредиттердің берілуіне жол бермеу үшін ағымдағы жылғы наурызда Агенттік қарыз алушыны биометриялық және міндетті екі факторлы идентификаттау жөніндегі талапты енгізу арқылы қарыз алушыларды идентификаттау рәсімдерін күшейтті.
«Агенттік ҚР ІІМ-мен және ҚР Бас прокуратурасымен бірлесіп ағымдағы жылғы қазанда Ведомствоаралық өзара іс-қимыл жөніндегі меморандумға және Заңсыз кредиттерді анықтау және тергеп-тексеру, қарыз алушылардың жалған берешегін жедел есептен шығару алгоритміне қол қойды», - деді О. Смоляков.
Азаматтарды қаржы нарығында заңсыз қызмет белгілері бар субъектілермен күмәнді қаржылық операцияларға тартуға жол бермеу жөніндегі алдын алу шарасы ретінде Агенттік қаржы пирамидасының немесе лицензиясыз инвестициялық қызметтің белгілері бар 121 ұйымның тізімін жариялады.