ҚРҰБ Төрағасының орынбасары Есжан Біртановтың Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы түсіндірмесі

Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы бастамалары шеңберінде ағымдағы жылғы наурыздан бастап жалпы сомасы 600 млрд теңгеге қаржыландыру лимитімен шағын және орта бизнесті (ШОБ) қолдау үшін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы іске асырылуда.

Бағдарлама төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен қаржылық жай-күйінің нашарлауы байқалатын ШОБ субъектілерін қолдауға бағытталған. Қаржылық жағдайдың нашарлауына тауарларды/қызметтерді сатудың төмендеуі, сатып алушылардан төлемнің кешіктірілуі, қызметкерлердің штат санының қысқаруы негіз болуы мүмкін. Қарыз алушы қаржылық жағдайының нашарлауын растау үшін банкке тиісті құжаттарды ұсынады.

Қарыздар кәсіпорындарға жылдық 8%-ға дейін сыйақы мөлшерлемесі бойынша айналым қаражатын толықтыруға беріледі. Бағдарламаны қолданған уақытта 536 млрд теңге сомасына 2 207 өтінім қабылданды, 1 279 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 341,4 млрд теңге сомасына қаржыландырылды.

Жолдауда айтылған тапсырманы ескере отырып, бұл Бағдарлама 2021 жылдың соңына дейін ұзартылады, оны қаржыландыру көлемі 800 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады.

Бұл ретте, Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен (ҰКП) бірлесіп айқындаған секторларда қолдау көрсететін болады.