Биылғы қаңтар–тамыз айларында Қазақстаннан халықаралық ақша аудару жүйелері (ААЖ) арқылы шетелге 685,8 млрд теңге жөнелтілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4% артық, деп хабарлайды ranking.kz.
Бұл ретте транзакциялар саны 2,7% азайып, 1,6 млн-ды құрады, нәтижесінде бір аударым бойынша орташа түбіртек 9,4% өсіп, 418,9 мың теңгені құрады.
2022 жылдың қаңтар–тамыз айларында ААЖ арқылы шетелге аударымдар көлемінің 70%-дан сәл астамы тек үш елдің үлесіне тиді – Өзбекстан (201,7 млрд теңге), Түркия (163,6 млрд теңге) және Ресей (117,3 млрд теңге). Сондай-ақ Қырғызстан (62,5 млрд теңге) мен Грузияға (50,6 млрд теңге) да айтарлықтай көлемде ақша аударылды.
Қазақстаннан шетелге аударымдардың едәуір бөлігі АҚШ долларымен жүзеге асырылады: мысалы, аударымдардағы доллардың орташа айлық үлесі 2021 жылы 78,2%-ды құрады, ал биылғы 8 айда көрсеткіш 73,7%-ға төмендеді. Бұл ретте, қаңтар–наурызда шетелге аударылған қаражаттың жалпы көлеміндегі АҚШ долларымен аударымдардың үлесі 82,3%-84% аралығында болса, кейін көрсеткіш айтарлықтай төмендеп, тамызда 68,5%-ды, ал шілдеде тек 58,4%-ды құрады.
Қазақстаннан шетелге ұлттық валютадағы аударымдар үлесі, керісінше, өсті. Мысалы, тамызда теңгемен аударымдар аударылған қаражаттың 21,2%-ын құраса, биыл теңгенің ең көп үлесі шілдеде 28,1%-ды құрады. Салыстыру үшін: 2021 жылы орташа есеппен ай сайын жіберілген ақшаның 9,5%-ын ұлттық валюта құраған еді.
Биыл Қазақстаннан шетелге Ресей рубліндегі аударымдардың ең үлкен үлесі маусым айында тіркелді: 19,9%, бұл 2021 жылғы орташа көрсеткіштен жоғары, ол кезде көрсеткіш 11% болған еді. Алайда тамызға қарай рубльдегі аударымдардың үлесі әдеттегі 10%-ға дейін төмендеді.
Биыл еуродағы аударымдардың үлесі ААЖ арқылы аударылған қаражаттың жалпы сомасының 1%-1,4%-дан елеусіз 0,2%-ға дейін төмендеді.