Қазақстанда өткен жылы тікелей шетелдік инвестиция көрсеткіші рекордтық 30%-ке төмендеп, 17 млрд долларды құрады. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров мәлімдеді.
Ал биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша ел экономикасына 11,1 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 30,4%-ке артық.
«Ағымдағы жылдың соңында 20 млрд-қа долларға жуық тікелей шетелдік инвестиция тарту жоспарлануда. Ал 2023 жылға қарай инвестицияның пандемияға дейінгі деңгейіне – шамамен 24 млрд долларға жетеді», - деді Әлішер Әбдіқадыров.
Негізгі капиталға инвестициялар динамикасының айтарлықтай төмендеуінен кейін қалпына келтіру үрдісі де байқалады.
2021 жылғы 10 айда негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2,5 процентке артып, шамамен 10 трлн теңгені құрады. Ал инвестициялық белсенділіктің өсуінің негізгі локомотиві экономиканың шикізаттық емес саласы болып отыр.
Қазақстан экономикасына ең көп инвестиция құйған елдердің басында Нидерланды. Бұл елге Қазақстанға салынған инвестицияның 29,6%-ы тиесілі. Екінші орында АҚШ (18,8%). Одан кейін Швейцария, Ресей, Ұлыбритания.
Салалар бойынша тау-кен өнеркәсібіне салынған қаражат жалпы инветсицияның шамамен 50%-ын құрайды. Екінші орында өңдеу өнеркәсібі (19%).
Өңірлер бойынша ең көп инвестиция қабылдаған Атырау облысы мен Алматы қаласы, артынша Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстары.