Шетелдік инвесторлар Қазақстанның құрылыс пен ақпарат және байланыс салаларына ақша салуды көбейтті

2021 жылдың бірінші жартысында ҚР экономикасына салынған ТШИ көлемі 30%-дан астамға ұлғайды.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің (ШИК) аралық отырысы өтті.

Отырысқа қатысушылар жаһандық экономикалық күн тәртібін трансформациялау және оның бағытын пандемиядан кейінгі қалпына келтіруге қайта бағдарлау тұрғысынан ҚР инвестициялық саясатының өзекті мәселелерін талқылады.

Премьер-Министр Қазақстан COVID-19-дың экономикалық салдарын сәтті еңсере алғанын атап өтті. Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша экономика өсім көрсетіп қана қоймай, сондай-ақ өндірістің пандемияға дейінгі көрсеткіштерінен де асып түсті.

Биылғы қаңтар-қараша айларында ЖІӨ өсімі 3,8% құрады. Экономиканың белсенді қалпына келуі аясында тікелей шетелдік инвестициялар ағынының артқаны байқалады.

2021 жылдың бірінші жартысында ҚР экономикасына салынған ТШИ көлемі 30%-дан астамға ұлғайды. Шетелдік инвестициялардың ең көп өсімі ақпарат және байланыс (9,4 есе), қонақүй және тамақтану саласындағы қызметтер (66,1%-ға), өңдеу өнеркәсібі (57,2%-ға) сияқты салаларда байқалады.

Өндіруші емес секторларда негізгі капиталға салынған инвестициялар 11%-дан астамға өсті. Құрылыс (2,1 есе), өңдеу өнеркәсібі (+50,5%), ауыл шаруашылығы (+40,5%) және сауда (+34,2%) салаларында инвестицияның қарқынды өскені байқалады.

Көптеген халықаралық қаржы ұйымдары ҚР экономикасының 2021 жылы 4%-ға дейін және 2022 жылы 4,5%-ға дейін өсуін болжайды. Дағдарыстан кейінгі қалпына келтірудің басым стратегиялық бағыттары ретінде Үкімет басшысы экономиканың өнеркәсіптік әлеуетін арттыруды, жаһандық нарықтарға кешенді интеграциялануға жәрдемдесуді, ауыл шаруашылығы әлеуетін дамытуды, цифрландыруды, инфрақұрылымның сапасы мен қолжетімділігін арттыруды атады.

Премьер-Министр өткен жылы ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің газ жағудан бөлінетін шығарындылар үшін айыппұл есептеу кезіндегі дискриминациялық тәсілді жою, сондай-ақ бизнесті салықтық құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту шегін оңтайландыру туралы ұсыныстары қолдау тапқанын атап өтті.

ШИК-пен бірлесіп жаңа инвестициялық құрал – жер қойнауын пайдалану саласындағы жақсартылған модельдік келісімшарт әзірленді, мұнай-газ саласында шетелдік инвесторлармен жедел өзара іс-қимыл жасау үшін «бір терезе» қағидаты бойынша Ведомствоаралық фронт-офис құрылды, цифрландыру мәселелері бойынша тұрақты жұмыс тобы құрылды.