Ұлттық банк мәліметінше, I тоқсанда бизнес тарапынан, әсіресе шағын және орта бизнесте кредитке сұраныс азайды. Банктердің шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне кредит беруге дайындығы да төмендеді.

Шағын бизнес тарапынан кредит алуға берілген өтінімдер саны 2020 жылдың екінші жартыжылдығынан бері алғаш рет азайып, 260 мыңға дейін тоқсаннан тоқсанға (бұдан кейін – т/т) 3%-ға төмендеді, ал түскен өтінімдердің орташа мөлшері т/т 4 есе 25,3 млн теңгеге дейін ұлғайды[1]. Кредит алуға түскен өтінімдер саны Ресейдің еншілес банктерінде едәуір төмендеген. Басқа банктер кредитке қатысты сұраныстың азаюын қаңтардағы төтенше жағдай режимі кезеңіндегі шектеулермен, наурыз айында несие ресурстары құнының қымбаттауымен, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржыландырудың уақытша болмауымен байланыстырады.

Көптеген банктерде орта бизнес тарапынан да кредитке сұраныс азайды. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша, кредит алуға түскен өтінім саны 32%-ға 1,1 мыңға дейін қысқарды, ал өтінімнің орташа мөлшері 517 млн теңгені құрап, 11%-ға азайды[2]. Жекелеген банктер сұраныстың төмендеуін қаңтардағы төтенше жағдай режимінің әсерімен және несие ресурстары құнының өсуімен түсіндіреді.

Ірі бизнес сұранысының жалпы индексі теріс болды. Ресей Федерациясының еншілес банктерінде ірі клиенттер тарапынан кредиттік өтінімдер санының едәуір төмендеуі байқалды, олардың бір бөлігі жаңа кредиттер үшін де, қайта қаржыландыру үшін де басқа банктерге кетті. Нәтижесінде, келіп түскен өтінімдердің жалпы саны 30%-ға 184-ке дейін төмендеді, ал өтінімнің орташа мөлшері 12%-ға 5,5 млрд теңгеге дейін азайды[3].

Есепті тоқсанда банктердің бизнесті кредиттеу дайындығы төмендеді. Кәсіпкерлік субъектілерінің кредит алуға берген өтінімдері бойынша мақұлдау коэффициенті шағын, орта және ірі бизнес үшін, тиісінше, 33%, 50% және 45% құрап, ең төменгі мәндерге жақындады. Көптеген банкте бизнесті кредиттеу шарттары күшейтілді. Бизнеске берілетін кредит бойынша сыйақы мөлшерлемелері, ең алдымен, ірі және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін айтарлықтай өсті.

Келесі тоқсанда көптеген банк шағын бизнес тарапынан кредит алуға сұраныс біршама өседі деп күтеді. Орта және ірі бизнес бойынша сұраныс индексі орта есеппен I тоқсан деңгейінде сақталады. Сондай-ақ, бизнеске бағытталған кредиттердің сыйақы мөлшерлемелері одан әрі де аздап өседі деген болжам бар.

Сонымен қатар, 2022 жылдың I тоқсанында ипотекалық және тұтынушылық кредиттеу сегментінде бөлшек кредитке сұраныс артқанымен, керісінше, автокредитке деген сұраныс біршама азайды.

Банктердің пікірінше, 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында зейнетақы жинақтарын шешіп алу үшін берілген жеткілікті соманың минималды шектік мәні көтерілгендіктен, есепті тоқсанда ипотекалық кредиттеуге сұраныс көп болды. Алайда, жылдың басында енгізілген төтенше жағдай режимі кезінде банктік қызметтің уақытша тоқтауы, сондай-ақ санкциялардың Қазақстандағы еншілес Ресей банктерінің қызметіне әсері ипотекалық кредиттерге өтінім санының жиынтығында 135 мың өтінімді құрап, алдыңғы тоқсан деңгейінде сақталуына әсер етті[4]. Банктер ипотекалық кредиттеу шарттарын клиенттердің төлем қабілеті мен кепілдік мүлікке қойылатын талаптарды арттыру түрінде күшейтті.

Халық тарапынан ұзақ пайдаланылатын тауарларға сұраныстың өсуі кепілзаттық және кепілсіз кредиттер бойынша сұраныстың өсуіне әсер етті. Жекелеген банктердің маркетингтік акция жүргізуі тұтынушылық кредиттеуге сұраныстың артуына оң әсерін тигізді. Екінші жағынан, қаңтарда енгізілген төтенше жағдай режимі және ресейлік банктерге қарсы санкциялар есепті тоқсанда кепілдік және кепілсіз кредиттер бойынша өтінім санының, тиісінше, 16% және 10% төмендеуіне әсер етті[5]. Өз кезегінде, тұтынушылық кредиттеу шарттары клиенттердің төлем қабілетіне қойылатын талаптарды арттыру бөлігінде күшейтілді, ал сыйақы мөлшерлемелерінің артуы салдарынан банктер өнімдердің скорингтік моделі бойынша шекті мәнін қайта қарай бастады.

Автокредитке деген сұраныстың төмендеуі жеңілдетілген кредиттеу бағдарламаларының болмауымен байланысты, ал салондардағы автомобиль тапшылығы кредит беруге теріс әсер етті. Осылайша, I тоқсанда ондағы мақұлданған кредит өтінімдерінің үлесі 13%-дан 10%-ға дейін төмендеді[6]. Автокредиттеу шарттары пайыздық мөлшерлемелерді және клиенттердің төлем қабілеттілігіне қойылатын талаптарды арттыру бөлігінде қатаңдатылды.

2022 жылдың II тоқсанында банктер ипотекалық және кепілзаттық кредиттер бойынша сұраныстың төмендеуін, ал кепілсіз кредиттер бойынша сұраныстың артуын күтеді. Сондай-ақ, II тоқсанда іске қосылатын жеңілдетілген автокредиттеу бағдарламасы аясында траншты алу жоспарланғанмен, банктер автокредиттеуге қатысты сұраныстың азаятынын күтеді. Банктер бөлшек кредиттеудің барлық сегменті бойынша шарттарды күшейтуді жоспарлап отыр.

2022 жылдың I тоқсанында банктердің кредиттеуі бойынша жүргізілген сауалнамаға екінші деңгейлі 20 банк қатысты. Ұлттық Банк сауалнаманы кредиттік ресурстарға сұраныс пен ұсыныстағы өзгерістерді бағалау мақсатында тоқсан сайын жүргізеді.

[1] Шағын бизнеске өтінімдер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2 есе өсті, ал олардың орташа мөлшері 2,4 есе өсті.

[2] Орта бизнеске өтінімдер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға өсті, ал олардың орташа мөлшері 42%-ға төмендеді.

[3] Ірі бизнеске өтінімдер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25%-ға төмендеді, ал олардың орташа мөлшері 18%-ға төмендеді.

[4] Ипотекалық кредиттерге өтінімдер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,8 есе өсті, ал олардың орташа мөлшері 20,4%-ға өсті.

[5] Кепілді және кепілсіз кредиттерге өтінімдер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,8 және 1,7 есе өсті, ал олардың орташа мөлшері тиісінше 50,8% және 26,1%-ға өсті.

[6] Автокредиттерге өтінімдер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,8%-ға өсті, ал олардың орташа мөлшері 1,6 есе өсті.