II тоқсандағы сауалнаманың қорытындысы бойынша, жекелеген банктердегі кредиттік ресурстар құнының үздіксіз өсуіне қарамастан, шағын және орта бизнес тарапынан несиеге сұраныс біршама өсті, ал ірі бизнес тарапынан төмендеді.
Шағын бизнес тарапынан несиеге сұраныстың артуы, негізінен, ірі банктерде байқалды. Есепті тоқсанда келіп түскен кредиттік өтінімдердің жалпы саны 417 мыңға дейін тоқсаннан тоқсанға 35% өсті, ал өтінімнің орташа мөлшері 25,9 млн теңгеге дейін 11% ұлғайды. Несиеге сұраныстың көбеюі «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасымен ақша бөлінуіне байланысты.
Орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан да несиеге сұраныс артты. Кредиттік өтінімдер саны 4,4 мыңға дейін 12% өсті, ал өтінімнің орташа мөлшері 251 млн теңгеге дейін 5% төмендеді. Орта кәсіпкерлік тарапынан өтінімдер санының өсуі, шағын бизнестегідей, скорингтік модельдер негізіндегі кепілсіз кредиттік өнімдерге тиесілі.
Маусымдық ауытқуларға байланысты ірі кәсіпкерліктердің кредиттік өтінімдер санының төмендеуі байқалады. Соның салдарынан кредиттік өтінімдердің жалпы саны 156-ға дейін 23% төмендеді, ал өтінімнің орташа мөлшері 5,8 млрд теңгеге дейін 23% азайды.
Шағын және ірі бизнестің кредит алуға берілген өтінімдері бойынша мақұлдау коэффициенті, көбіне, ірі банктерде тиісінше 40%-ға және 58%-ға дейін өсті. Сонымен қатар, орта бизнестің кредит алуға берген өтінімдері бойынша мақұлдау үлесі 48%-ды құрап, біршама төмендеді.
Жекелеген банктер сыйақы мөлшерлемелерінің аздап өсуіне, маржаның ұлғаюына және кейбір кредиттік өнімдер бойынша ең жоғары мерзімнің қысқаруына байланысты кредиттеу талаптарының күшейгенін атап өтті. Есепті тоқсанда сыйақы мөлшерлемелері, негізінен, ірі бизнес сегментінде өсті.
Ірі банктердің пікірі бойынша, келесі тоқсанда шағын және орта бизнес тарапынан кредитке деген сұраныс теріс болады, себебі олар несие бойынша сыйақы мөлшерлемелерін көтеруді жоспарлап отыр. Бұл ретте, жекелеген банктер нарықтағы ірі қарыз алушылар санының өсу мүмкіндігі аясында ірі бизнес тарапынан сұраныстың біршама ұлғаюын күтеді.