Сауалнама нәтижелері бойынша IV тоқсанда шағын бизнес тарапынан кредитке сұраныстың өсуі жалғасты, ірі және орта сегменттерде де сұраныс өткен тоқсандағы төмен мәндерінен кейін қайта қалпына келді.
Шағын бизнес тарапынан кредит алуға өтініштер саны 268 мың өтінімге дейін т/т 21%-ға ұлғайып кезекті ең жоғарғы деңгейіне жетті, ал келіп түскен өтінімнің орташа мөлшері т/т 6,7 млн теңгеге дейін үш есе төмендеді. Респонденттердің пікірінше, бұған автоматты скоринг құралдары мен мемлекеттік бағдарламалары бар онлайн кредиттердің көбеюі әсер етеді.
Көптеген банктерде кредиттерге деген сұраныс орта бизнес тарапынан да өсті. Көбінесе клиенттер мемлекеттік бағдарламалар аясында да, банктердің меншікті қаражаты есебінен де айналым қаражатын толықтыруға қысқа мерзімді қарыздар алуға жүгінді. Нәтижесінде, IV тоқсанда келіп түскен кредиттік өтінімдердің саны 1,6 мыңға дейін т/т 17%-ға өсті, ал өтінімнің орташа мөлшері т/т 13%-ға ұлғайып, 579 млн теңгені құрады.
Ірі кәсіпкерлік субъектілері тарапынан кредиттерге сұраныс негізінен ірі банктерде өсті. Ірі бизнестің қосымша қаржыландыруға өтініштері көпшілігінде тауарлар бағасының өсуі және қаржыландырылатын жобалардың қымбаттауы аясында жиі орын алды. Осылайша, IV тоқсанның қорытындысы бойынша ірі бизнестің кредитке жүгіну саны 264-ке дейін т/т 27%-ға артты, ал кредиттік өтінімнің орташа мөлшері 6,3 млрд теңгеге дейін т/т 10%-ға төмендеді.
Банктердің есепті тоқсанда бизнесті кредиттеуге дайындығы біршама жақсарды. Кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттерге өтінімдері бойынша мақұлдау коэффициенттері шамалы ұлғайып, шағын, орта және ірі бизнес үшін сәйкесінше 39%, 63% және 64% құрады. Бұл ретте банктер есепті тоқсанда бизнеске кредит беру талаптарын өзгертпеді.
Ел аумағында ТЖ режимінің қолданылуына байланысты 2022 жылдың I тоқсанында бизнесті кредиттеуге қатысты банктердің күтулері біршама нашарлады. Респонденттердің бағалауы бойынша, бизнес тарапынан сұраныс біраз төмендейді. Сондай-ақ ірі бизнеске кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерінің шамалы көтерілуі күтілуде.
Сонымен қатар, банктердің пікірінше, IV тоқсанда тұрғын үйді сатып алу немесе жөндеу мақсатында зейнетақы жинақтарын пайдалану бағдарламасы бойынша кредиттеу талаптарының қатаңдауы мүмкін деген жаңалыққа байланысты ипотекалық кредиттеуге сұраныс артқан. Сондай-ақ, жекелеген ірі банкте пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі ипотекаға сұраныстың арта түсуіне әсер етті. Олар бойынша келіп түскен өтінімдер саны 10,6%-ға өсті. Екінші жағынан, ірі банктегі қарыз алушылардың кепілмен қамтамасыз етілуіне және төлем қабілеттілігіне қойылатын талаптарды қатаңдатуы мақұлдау үлесінің 61%-дан 56%-ға дейін төмендеуіне әсер етті.
Халық тарапынан ұзақ пайдаланылатын тауарларға шығыстардың ұлғаюы, ірі банктердің маркетингтік акциялар мен науқандарды өткізуі IV тоқсанда кепілсіз тұтынушылық кредиттеу сегментінде сұраныстың айтарлықтай өсуіне алып келді. Неғұрлым сапалы клиент үшін бәсекелестік кредиттік лимиттің ұлғаюы, пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі және клиенттердің төлем қабілеттілігіне қойылатын талаптар түріндегі шарттарды жеңілдетуге ықпал етті. Қамтамасыз етілмеген тұтынушылық қарыздар бойынша келіп түскен өтінімдер саны 30,5%-ға өсті.
IV тоқсанда автокредиттерге сұраныстың өсуі негізінен ірі банктердің пайыздық мөлшерлемелерінің төмендеуімен байланысты. Автокөліктерді жасау кезінде пайдаланылатын чиптердің болмауына байланысты автокөліктердің тапшылығы нарықта әлі де сақталып отыр. Есепті тоқсанда банктер бұрын берілген қарыздардан босатылған қаражат есебінен автокредиттер берді. Олар бойынша келіп түскен өтінімдер саны 9,7%-ға өсті.
Келесі тоқсанда банктердің көпшілігі қамтамасыз етуі жоқ тұтынушылық қарыздарға және автокредиттерге сұраныстың төмендеуін күтуде. Сондай-ақ, ипотекалық, кепілді тұтынушылық және автокредиттеу сегменттерінде кредиттеу талаптары қатаңдайды деп күтілуде.
2021 жылдың IV тоқсанында банктердің кредиттеу бойынша жүргізілген сауалнамаға екінші деңгейлі 20 банк қатысты. Сауалнама 2022 жылдың қаңтарында өткізілді және 2022 жылдың I тоқсанында туындаған геосаяси күйзелістер мәселелерін қамтымайды. Ұлттық Банк сауалнаманы кредиттік ресурстарға сұраныс пен ұсыныстағы өзгерістерді бағалау мақсатында тоқсан сайын жүргізеді.