Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов Үкімет басшысына цифрлық шешімдерді енгізу және жаңа жобаларды іске қосу бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Қаржы министрлігі мемлекеттік бюджеттің орындалуын қадағалауға, қаражаттың тиімді жоспарлануы мен жұмсалуына бақылауды күшейтуге бағытталған «Онлайн бюджеттік мониторинг» жобасын іске асыруда. Егер бұрын тексерулер «қолмен басқару режимінде» жүргізілсе, қазір жүйеде 150 млн-нан астам төлем өңделуде. Ішкі мемлекеттік аудит комитеті тәуекелді төлемдер бөлігінде алдын алу шараларын талдап, қабылдайды. Осы жұмыс аясында бюджетке 4 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылды.
Мемлекеттік мүлікті қайта бөлу және бюджет қаражатын үнемдеу үшін пилоттық режимде Tapsyru сервисі іске қосылды. Платформа ұйымдарға баланстан балансқа беру рәсімін және бірлескен шарттар тетігін одан әрі жеңілдете отырып, талап етілмеген мүліктің бірыңғай тізілімін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Tapsyru-да 721 қатысушы және 313 мыңнан астам актив тіркелген.
Бұдан басқа, 2025 жылы Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелерінің жеке кабинеттеріне қол жеткізуге қосатын «Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті» порталын іске қосу жоспарлануда. Бірыңғай интерфейс қызметтердің бытыраңқылығы мен деректердің қайталануы мәселесін шешуге бағытталған. Сонымен қатар ол бизнес-жағдайларды басқару және мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы өзара іс-қимыл үдерістерін едәуір жеңілдетеді.
Премьер-министр цифрлық шешімдерді енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар көлеңкелі экономикаға қарсы күресте нақты әсер етуі, салықтық және кедендік әкімшілендірудің тиімділігін арттыруы, сондай-ақ бюджет қаражатын ұтымды жоспарлау мен жұмсауды қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті.
Кеңес қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен ведомстволарға барлық жобаны толыққанды әрі сапалы іске қосу бойынша жұмысты жеделдету тапсырылды.