ҚР Парламенті жоғарғы палатасының депутаттары Құрылыс кодексін қарап, оны өз түзетулерімен Мәжіліске қайтарды.
Кодекс пен оған ілеспе заң сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы реттеудің құқықтық жүйесін құруға, адамның өмір сүруі мен тыныс-тіршілігі үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға, елді мекендерді қала құрылысы тұрғысынан жоспарлау мен дамытуға, сондай-ақ халықтың барлық санаты үшін әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Сенат аппаратының басшысы Максим Споткай атап өткендей, депутаттар заңнамалық актілерді тұжырымдамалық тұрғыдан қолдады. Дегенмен, сенаторлар кодекстің де, ілеспе заңның да жекелеген баптарының бірқатар жаңа редакциясын ұсынды.
Мәселен, бюрократияны азайту мақсатында бас сәулетшілерді тағайындауды уәкілетті органмен келісу туралы нормалар алынып тасталды, өйткені олар мемлекеттік қызмет туралы заңнама аясында тағайындалады. Параллельді реттеу мен құқықтық белгісіздікті болдырмау үшін уәкілетті органдар мен әкімдіктердің бірін-бірі қайталайтын және артық өкілеттіктері жойылды.
Мәслихаттардың рөлін күшейту үшін олардың тұрғын үйлерді реновациялау бағдарламаларын және қала шегіндегі жасыл желектерді құру, күтіп ұстау және қорғау ережелерін бекіту, сондай-ақ қала шекарасы мен қала маңындағы аймақтардың шекараларын белгілеу мен өзгертуді келісу жөніндегі өкілеттіктері нақтыланды. Сонымен қатар қала құрылысы жобалары, бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары бойынша мәслихаттар мен әкімдіктердің өкілеттіктері нақты ажыратылды.
Меншік иелерінің құқықтарын қорғау аясында құрылыс нысанын сүру (пайдаланудан кейін кәдеге жарату) туралы шешімді тек меншік иесі немесе сот қабылдай алады деп ұсынылуда. Мердігерлер мұндай шешім қабылдайтын тұлғалардың қатарынан шығарылды. Сондай-ақ, жеке тұрғын үй құрылысының әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын салу мен пайдалануды қаржыландыру пайдаланушыға емес, меншік иесіне жүктеледі, бұл азаматтар үшін негізсіз міндеттемелерді болдырмайды.
Сараптама мен жобалауға қатысты ведомстводан тыс сараптама жүргізу кезінде екіұшты түсіндіруге жол беретін нормалар алынып тасталды. Сараптаманы сараптамалық ұйымдар «тапсырыс берушінің шешімі бойынша» деген тіркессіз жүргізеді. Сонымен қатар, мемлекеттік инвестициялар есебінен қаржыландырылатын құрылыс нысандары бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу процесін «бір терезе» қағидаты бойынша жобаларды ұйымдастыру және сараптау порталында жүзеге асыруды көздейтін норма енгізілуде.
Реновация аясында сенаторлар меншік иелеріне жай ғана көшіру емес, тұрғын үйдің меншікке берілетінін нақтылады. Бұл азаматтардың жаңа үйлердегі үлестердің толыққанды иесі болатынын және оларды өз қалауы бойынша иелік етуге құқылы екенін білдіреді.