Қатаң саясат қымбатшылықты қалай жеңді?

Ұлттық банк ұзақ уақыт бойы қатаң ақша-несие саясатын жүргізді және бұл қадамға мәжбүрлі түрде баруға тура келді. Себеп, әрине инфляция. 2022 жылы басталған геосаяси қиындықтан кейін дәстүрлі жеткізу тізбектеріне көлеңке түсті, түйткіл көбейді, бұл біздің нарыққа да әсер етіп, елдегі қымбатшылық еселей өсті. Инфляция 2023 жылдың ақпанында 21,03 пайызға жетіп, ел тарихындағы рекордты мәнге ие болды. Сол кезде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75 пайыз деңгейінде ұстады.

Бұл мөлшерлеме 2023 жылдың 10 шілдесіне дейін жалғасып, сосын барып төмендей бастады. Тамызда – 16,50 пайыз, қазанда – 16 пайыз, қарашада – 15,75 пайыз, қаңтарда – 15,25 пайыз, қазіргі деңгейі – 14,75 пайыз. Бұл аралықта инфляция деңгейі екі таңбалы мәннен бір таңбалы мәнге дейін төмендеп, билік пен халық күткен межеге жақындай түсті. Яғни қымбат базалық мөлшерлеме екі жыл дегенде инфляцияның еңсесін баса білді. 2023 жылдың қарашасында 10,3 пайыз болған жылдық инфляция желтоқсанда – 9,8 пайыз, 2024 жылдың қаңтарында 9,5 пайыз деңгейінде орнықты. Қазіргі деңгейі – 9,1 пайыз. Базалық мөлшерлеме мен инфляцияның таза айырмашылығы – 5,65 пайызды құрап отыр, тиісінше бұл көрсеткіш қаржы тілінде «нақты мөлшерлеме» деп аталады.

Байқағанымыз біраз уақыт бұрын Ұлттық банк «егер инфляцияны қатаң монетарлық саясаттың күшімен төмендете алсақ, онда базалық мөлшерлемені біртіндеп төмендетуге де негіз қалыптасады» деген ой айтқан болатын. Көптің күткені де сол. Әрине, қымбат базалық мөлшерлеменің бір жақсысы – депозиттік салымдарды еселеп көбейтіп алуға мүмкіндік туады. Өйткені мөлшерлемемен бірге депозит сыйлықақысы да өсе түседі. Алайда жалпы тұрғыдан алғанда қымбат мөлшерлеме екінші деңгейлі банк несиелерін де қымбат етеді, соған орай несиеге деген қолжетімділік азайып кетеді. Нарыққа «арзан» ақшаның келуі күрт азаяды. Ал еліміздің негізінен несие «инесіне» отырған ел екенін ескерсек, онда «арзан» ақшадан ажырап қалу біраз ауырға соғатыны да түсінікті. Қымбат мөлшерлемені құрту керек дейтін сарапшылар тап осы жерден бастап қатаң мәлімдемелер жасайды және қымбат мөлшерлеменің несие алып, кәсібін дөңгелеткісі келетін кәсіпкерлерге қолбайлау болып отырғанын әркез алға тартады.

Ұлттық банк уәдесін орындады ма?

Иә, сонымен айтайын дегеніміз ҰБ саясаты жөнінде еді. Сол сүрлеуге қайта түсейік. Бас банк біртіндеп төмендете бастауымыз мүмкін деген уәдесін лайықты деңгейде орындады және төмендету циклын 7 ай бойы жалғастырды (жоғарыда да ішінара айтып кеттік). Ал осы жолғы отырыста базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейінде сақтау (14,75 пайыз) туралы шешім қабылдады. Ақша-кредит саясаты комитетінің хабарлауынша, ақпанда және наурызда жылдық инфляция төмендеу үрдісін жалғастырды. Алайда ол баяу қарқынмен төмендеді. Жылдық инфляция төмендеп жатқанымен, айлық инфляцияның төмендеу үрдісі тамсанарлықтай емес.

«Сыртқы инфляциялық жағдай бейтарап түрде қалыптасып отыр. Әлемдік нарықтарда астық бағасы төмендеп келеді. Ішкі экономикада орнықты ішкі сұранысқа және тұрақтанбаған инфляциялық күтулерге байланысты инфляциялық қысым сақталып отыр», деп мәлімдейді.

Сонда Ұлттық банк неліктен әрі қарай базалық мөлшерлемені төмендету саясатын жалғастырмады? Себебі, инфляция бойынша мемлекет межелеп отырған 5 пайыздық мақсатқа жету үшін ұстамды қатаң ақша-несие шарттарын сақтау қажет болады. Инфляция бір таңбалы мәнге айналды демесеңіз, әйтпесе төмендеп, көпшілікті арзаншылықпен жарылқап тұрғаны шамалы. Әлі аңысын аңдап, тамырын басып көруге тура келеді. Нарық оқыс қимылды, шарт бұрылысты әсте көтермейді. Әрине, мұны Ұлттық банк сарапшылары анық аңғарады және соған орай тиімді саясат қалыптастыру бағытынан жаңылмай отыр деуге негіз бар.

Қымбат мөлшерлеме бизнес үшін неліктен қауіпті емес?

Сол себепті, Ұлттық банк инфляцияның әлі де төмендеуін күте тұрады. Баға өсімі деңгейі 5 пайызға төмендегенде ғана базалық мөлшерлеме бойынша батыл шешім қабылдауға болатын шығар. Ал қазіргі нарықтық қатынастар жағдайында 14,75 пайыздың өзін қымбат мөлшерлеме деп айта алмас едік. Кейбір сарапшылар айтып отырғандай, қымбат мөлшерлеме бизнестің несие алуына кедергі келтіріп отырған жоқ. Кәсіп иелері осы мөлшерлемемен несие алып, кәсібіне инвестиция салған күннің өзінде шығарған өнімінің өзіндік құнына біршама үстеме ақы қосып, нарықтағы инфляция деңгейіне сай баға белгілей алады. Тиісінше, жоғалтатын ақшасы мен табатын ақшасының ара-жігі бәрібір тең қалыптасады.

Екіншіден, халық үшін де, бизнес үшін де инфляцияның төмендегені тиімді. Инфляцияның қымбаттығы жағдайында халық бәрібір бұрынғыдай сауда жасамайды. Түрлі жеңілдіктер мен акцияларды іздей бастайды. Тауар өтімділігі төмендейді. Бұл әрине, кәсіпкерлер үшін әжептәуір соққы. Олар қойма, сақтау және жалға алу шығындарын өтеу үшін өнімін, тауарын немесе қызметін арзан бағада сатылымға шығаруға мәжбүр болады. Сондықтан баға өсімін ауыздықтау кім-кім үшін де тиімді.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, мақсат – айқын – инфляцияны 5 пайыздық деңгейге дейін төмендету. Тіпті ауыр кездердің өзінде қымбат мөлшерлеменің қымбат инфляцияны төмендетуге күші жеткенін ескерсек, ендігі аз уақытта меселі қайтып қалған аздаған инфляцияны жұқартып жіберу қазіргі мөлшерлемеге қиын тимесе керек-ті. Жылдық инфляцияның қазіргі 9,1 пайызы да – үлкен жеңіс. Жеңісті жолды әрі қарай жалғастыру үшін ҰБ төмендету циклында аздаған үзіліс алып отыр. Бұл майдандағы үлкен шабуыл алдындағы аздаған шекініс секілді оңтайлы маневр.