Қазақстан халқының қаржылық сауаттылық индексі өткен жылмен салыстырғанда 0,45 тармаққа ұлғайып, 2021 жылы 39,52%-ды құрады (2020 жылы бұл көрсеткіш 39,07% деңгейінде болды). Қазақстан Республикасы Үкіметінің 30.05.2020ж. № 338 қаулысымен бекітілген Қаржылық сауаттылықты арттырудың 2020 - 2024 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің тапсырысы бойынша жүргізілген жыл сайынғы әлеуметтанушылық зерттеулердің нәтижелері осындай болды.
Зерттеудің мақсаты Қазақстан Республикасы азаматтарының қаржы құралдары, олардың мүмкіндіктері мен функциялары туралы хабардарлық деңгейін және оларды түсінуін айқындауды, сондай-ақ халықтың ақпараттық және білім беру қажеттіліктерін қоса алғанда, халықтың қаржылық сауаттылығы деңгейін, азаматтардың қаржы нарығына тартылуын, қаржылық көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін бағалау болып табылады.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) өлшемдері ескерілетін қаржылық сауаттылық индексін есептеу әдіснамасы мынадай үш көрсеткішті талдауды қамтиды: меншікті қаржы қаражатын басқару, қаржылық көрсетілетін қызметтерді пайдалану және халықтың қаржы жүйесі туралы хабардар болу деңгейі.
2021 жылы неғұрлым жоғары көрсеткіш «Меншікті қаржы қаражатын басқару» көрсеткішінде – 42,57%; неғұрлым төмен көрсеткіш – «Қаржы жүйесі туралы хабардар болу» көрсеткішінде – 35,45% болып тіркелді. Бұл ретте бір жылда осы көрсеткіш 16 тармақтан астам өсті (2020 жылы ол 19,3%-ды құрады).
2020 жылғы 28%-дан 2021 жылы 39,2%-ға дейін өз қаржысын басқару туралы, қаржы жүйесі, құралдар мен қызметтер туралы жеткілікті ақпарат пен білімі бар қазақстандықтардың саны ұлғайды. Бұл ретте, қаржылық тұрғыдан неғұрлым хабардар қала тұрғындары, негізінен ер адамдар болып тұрады. Сонымен қатар, «Қаржылық қызметтерді пайдалана білу» көрсеткіші 40,56%-ды құрады.
Меншікті қаржы қаражатын басқару
Өңірлер бөлігінде бұл көрсеткіштің ең жоғары деңгейі Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Қостанай және Қызылорда облыстарында тіркелген. Өз қаражатын басқарудың орташа дағдыларына Алматы, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындары ие.
Белгілі болғандай, ер адамдар әйелдерге қарағанда өз қаржыларын басқару процесіне көбірек төселген. Ортадан жоғары көрсеткіш жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар қазақстандықтарда, дара кәсіпкерлерде, жеке компаниялар мен мемлекеттік мекемелердің өкілдерінде байқалады. 18-29 жас аралығындағы жастарға және 60-75 жас аралығындағы қарт азаматтарға келетін болсақ, олар осы маңызды дағдыны игеруде қиындықтарға тап болады. Отбасы жағдайында деңгейдің айтарлықтай ауытқуы анықталған жоқ.
Әлеуметтанушылық зерттеу көрсеткендей, респонденттердің жартысына жуығы отбасылық немесе жеке бюджетті жүргізеді және өздерінің шығындарын мұқият қадағалайды – 44,8%, респонденттердің тек 1,6%-ы мұны жасамайды. Қазақстандықтардың 42,8%-ның жеке бюджеті бар, ал сұралғандардың үштен бірі (29,9%) жұбайымен (зайыбымен) бірлескен бюджетті жүргізеді. Сауалнамаға қатысушылардың көпшілігі (46,3%) олардың сатып алуға мүмкіндігі бар-жоғын мұқият ойластыратынын, 0,6% мұндай бағалауды жасамайтындығын айтты.
Сұратылғандардың 36,4%-ы тұрақты жинақ жасайды, ал 37,9%-ы мүмкіндігіне қарай белгілі бір ақша сомасын жинайды. Респонденттердің 36,04%-ында шығындарды жоспарлау әдеті бар, 37,1% кейде мұны істеуге тырысады, ал 2,2% ешқашан жасамайды.
39,08% кейде ақша салу арқылы тәуекелге баруға дайын (мысалы, бағалы қағаздарға), 18,4%-ы мұны жасауға мүлде дайын емес.
Қаржылық қызметтерді пайдалана білу
Осы көрсеткіш бойынша неғұрлым жоғары деңгей Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, сондай-ақ Алматы, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарында байқалады. Ең төмен көрсеткіш - Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды және Жамбыл облыстарында.
Сауалнама нәтижелері респонденттердің арасында танымал қаржылық қызметтер мен өнімдерді анықтады – бұл тауар кредиті (37,4%), ағымдағы шот (32,6%), банктік депозит (29,3%). Танымалдығы төмен - зейнетақы аннуитеті (1,08%), білім беру депозиті (0,72%), акциялар, облигациялар және ИПҚ (0,16%).
Ерекше танымалдыққа, әсіресе, Covid – 19 пандемиясы кезеңінде жеке және заңды тұлғалар үшін интернет- және мобильді банкинг ұсынуға байланысты банк қызметтері ие болғанын атап өткен жөн.
Гендерлік көрсеткішке келетін болсақ, ер адамдарда әйелдерге қарағанда қаржылық қызметтерді пайдалану дағдыларының анағұрлым жоғары деңгейі байқалды. Зерттеу көрсеткеніндей, орта жас (25-тен 45 жасқа дейін) өкілдері жас буын өкілдеріне (18-ден 21 жасқа дейін) және зейнеткерлік жастағы азаматтарға қарағанда әртүрлі қаржылық қызметтерді жиі пайдаланады.
Сауалнамаға орналастырылған қаржылық мәселелерді шешу барысында респонденттердің үштен бірі қаржылық сауаттылық бойынша ұсынған тапсырмаларға дұрыс жауап берді. Бұл респонденттердің қаржылық қызметтер мен өнімдердің қиын жағдайларын түсінгенін білдіреді. Бірақ, соған қарамастан, кәсіби экономикалық терминологияны және банктер мен басқа да қаржы ұйымдары ұсынатын шарттарды білмейтін респонденттердің үлесі де бар. Бұл зейнеткерлер, студенттер және үй шаруасындағы әйелдер.
Жалпы алғанда, зерттеу кейбір респонденттердің қаржылық қызметтердің сараланған жиынтығымен жақсы таныс болмаса да, қаржылық қызметті таңдау процесіне егжей-тегжейлі қарап, шартты мұқият зерттей бастағанын көрсетті. Мәселен, респонденттердің 44,9%-ы, олардың айтуынша, шартқа тек оны оқып, барлық жағдайларын түсіндіргеннен кейін қол қояды, менеджерлерге қосымша сұрақтар қояды және талаптарды зерттейді, респонденттердің 21,8%-ы сұрақсыз қол қояды, өйткені мұның бәрін түсіну оларға қиын.
Қаржы жүйесі туралы хабардар болу
Зерттеу барысында анықталғандай, қаржы жүйесі туралы Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларының және Алматы, Түркістан, Ақмола облыстары сияқты өңірлердің тұрғындары неғұрлым ақпараттандырылған болып табылады. Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындары аз хабардар.
Бұл ретте жас аудитория (39 жасқа дейін), ерлер мен жұмыс істейтін халық егде жастағы әйелдерге қарағанда Қазақстанның қаржы жүйесі туралы хабардар болудың анағұрлым жоғары деңгейіне ие. Жоғары білімі бар және табысы орташа деңгейден жоғары респонденттер де елдің қаржы жүйесі туралы хабардар болудың жоғары деңгейіне ие. Орташадан жоғары көрсеткіш некеде тұрған респонденттерде тіркелген.
Бұл көрсеткіш жастар өкілдерінің арасында (18-21 жас) жоғарылау жағына қарай өзгерді, бұл еліміздің колледждері мен жоғары оқу орындарында кәсіпкерлік және бизнес бойынша арнайы пәндерді енгізу және қаржылық сауаттылық бойынша оқыту бағдарламаларын беретін мамандандырылған сайттар құру сияқты бірқатар себептерге байланысты болды. Үлкен аудитория (60 жас және одан жоғары), үй шаруасындағы әйелдер мен зейнеткерлер қаржы жүйесі туралы аз хабардар.
Жалпы алғанда, сұралғандардың жартысынан көбі (60%) екінші деңгейдегі банктердің функционалын, сондай-ақ ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қазақстан Ұлттық Банкінің атынан реттеушінің міндеттерін жақсы түсінеді.
Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының және Қаржылық сауаттылықты арттыру тұжырымдамасының маңызды бағыттарының бірі болып табылады, сондықтан әлеуметтанушылықзерттеулер жүргізу азаматтардың қаржылық сауаттылығының жалпы деңгейін дамытуда ерекше маңызды рөл атқарады, ал елдің қаржылық және экономикалық дамуы соған байланысты.
Әлеуметтанушылық зерттеу өлшемдері
2021 жылы зерттеуге 10 000 респонденттің қатысқандығын, олардың ішінде 18 жастан 29 жасқа дейінгі (23,08%), 30 жастан 49 жасқа дейінгі (62,32%), 50 жастан 63 жасқа дейінгі (12,32%) және 63 жастағы және одан асқан (2,28%) әйелдердің (58,8%) де, ер адамдардың да (41,2%) бар екендігін атап өтеміз.
Сауалнама Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент сияқты республикалық маңызы бар 3 қалада және Қазақстанның 14 өңірінде жүргізілді.
Кәсіби қызметі тұрғысынан алғанда бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері (7,5%), өзін-өзі жұмыспен қамтығандар (8,1%), жеке компаниялардың қызметкерлері (7,2%), дара кәсіпкерлер (6,4%), студенттер
(1,9%), зейнеткерлер (1,8%), уақытша жұмыс істемейтіндер (0,68%), басқа да мамандық өкілдері (64,2%) сияқты топтардан жауап алынды.
Респонденттердің отбасылық жағдайлары мынадай болды: 62,28%-ы үйленген/тұрмыс құрғандар, 26,24% – үйленбеген/тұрмыс құрмағандар,
8,4% – ажырасқандар, 1,6% – әйелі/күйеуі қайтыс болғандар, 1,4% – азаматтық некеде тұратындар.
Қаржылық сауаттылықтың жалпы деңгейін бағалау кезінде берілген сұрақтарға дұрыс жауап берген және қаржылық білім мен дағдылардың жоғары деңгейін көрсеткен респонденттердің пайыздық арақатынасы пайдаланылды. Қазақстанның әрбір өңірі, сондай-ақ әрбір нысаналы топ бойынша жиынтық баға анықталды.