Сақтанушылар көбейіп, сақтандыру компанияларының активі өсті

Былтыр компаниялардың активі 1,8 трлн теңгеге жетті.

2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының сақтандыру секторында 27 сақтандыру ұйымы бар, оның 9-ы – өмірді сақтандыру бойынша. 2021 жылы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының активтері 23%-ға (2021 жылғы желтоқсандағы өсу – 2,8%) ұлғайып, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 1,8 трлн теңге болды. Активтердің ұлғаюы, негізінен, сақтандыру сыйлықақыларының өсуі және оларды бағалы қағаздарға инвестициялау есебінен болуда.

Активтердің құрылымында ең көп үлес (жиынтық активтердің 72,1%-ы) бағалы қағаздарға тиесілі – 1,3 трлн теңге, олар 2021 жылы 27,7%-ға (2021 жылғы желтоқсандағы өсу – 1,7%) ұлғайды.

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының міндеттемелері 2021 жылы 32,4%-ға (2021 жылғы желтоқсандағы өсу – 3,7%) ұлғайып, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 1,1 трлн теңге болды. Міндеттемелердің ұлғаюы, негізінен, сақтандыру резервтерінің өсуінен болды.

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының меншікті капиталы 2021 жылы  11,4%-ға (2021 жылғы желтоқсанда 1,5%-ға өсу) ұлғайып, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 741 млрд теңге болды.

Сақтандыру секторының, негізінен, сақтандыру қызметінен түскен кірістерден алған таза пайдасы 2021 жылы 118,4 млрд теңге (2021 жылғы желтоқсанда пайда 13,8 млрд теңгеге өсті) болды.

2021 жылы жеке және заңды тұлғалар бойынша 11 848 845 сақтандыру шарты жасалды, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 34,9%-ға көп (2021 жылғы желтоқсанда – 1 100 497 шарт). Бұл өсім, негізінен, жасалған өмірді сақтандыру шарттары санының 47,6%-ға немесе 722 807 данаға, азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру шарттарының 3,5 есе немесе 66 958 данаға, туристі сақтандыру 3,3 есе немесе 357 383 данаға және жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттары 2,3 есе немесе 914 960 данаға ұлғаюына байланысты болды.

2021 жылы сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 698,7 млрд теңгені құрады, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 36,7%-ға көп (2021 жылғы желтоқсан – 76,6 млрд теңге).

Міндетті сақтандыру бойынша 2021 жылы қабылданған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 131,8 млрд теңгені құрады, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 18,8%-ға артық (2021 жылғы желтоқсанда – 14 млрд теңге). Ұлғаю, негізінен, көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру бойынша орын алды.

Ерікті жеке сақтандыру бойынша 2021 жылы қабылданған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 300 млрд теңгені құрады, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 57,4%-ға артық (2021 жылғы желтоқсан –32,4 млрд теңге). Өсім, негізінен, өмірді сақтандыру сыныбы бойынша сақтандыру сыйлықақылары жиынтығының 78,6%-ға немесе 72,7 млрд теңгеге және зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша 31%-ға немесе 14 млрд теңгеге ұлғаюына байланысты.

Ерікті мүліктік сақтандыру бойынша 2021 жылы сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақылары 266,8 млрд теңгені құрады, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 27,3%-ға артық (2021 жылғы желтоқсанда – 30,2 млрд теңге). Өсім, негізінен, мүлікті зияннан сақтандыру бойынша жиналған сыйлықақылардың 24%-ға немесе 28 млрд теңгеге және азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру бойынша 2 есе немесе 15,5 млрд теңгеге өсуіне байланысты болды.

2021 жыл ішінде сақтандыру төлемдерінің көлемі 126,9 млрд теңгені құрады, бұл 2020 жылға қарағанда 13,7%-ға аз (2021 жылғы желтоқсанда – 15 млрд теңге). Барлығы 731 784 төлем жүзеге асырылды.