Автор: Жания Әбдібек
Интернет алаяқтық медиадан оқитын жаңалық емес, күнделікті өмірде жиі кездесетін жағдайға айналды. Қарыштап дамып жатқан технологиялар, ЖИ мен әлеуметтік инженерияны шебер пайдаланатын алаяқтардың тұзағына түсіп, ақшадан айырылып қалу оңай боп барады. Айлакер алаяқтардан сақтану жауапкершілігі әр азаматтың өзіне жүктеледі. Сақтансаң, сақтайды демекші, Naryk.kz.kz редакциясы ЦентрКредит Банкімен Банкімен бірге интернет алаяқтың қандай схемаларды қолданатынын, оларды қалай анықтау керегін және өзіңізді қалай қорғауға болатынын айтып береді.
Алаяқтардың атышулы бес схемасы
Полицияның дерегі бойынша, ең жиі кездесетін алдау тәсілі — «Банк қызметкерінің» атынан қоңырау шалу. Алаяқтар өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, банк есепшотынызда күдікті операция болды деген сылтаумен жеке деректерді сұрайды. ҚНРДА статистикасына сүйенсек, банк картасына жасалатын шабуылдың 95% жағдайда қолданушы бар ақпаратты өзі жайып салады: смс-код, CVV-код, картаның жарамдылық мерзімі, құпия сөздері және т.б. Осылайша, кейбіреулер сенгіштіктен ақшасынан айырылып қалады.
«Телефонның арғы жағындағы кісі өзін банк немесе мемлекеттік органның қызметкері ретінде таныстырса, SMS-тен келген кодтарды, құпия сөзді және басқа да жеке деректі сұраса, ешқашан хабарламаушы болмаңыз. Күрделі құпия сөздерді қолданып, екі факторлы аутентификацияны пайдалануға кеңес береміз. Осындай қарапайым сақтық шаралары кибершабуылдан қорғануға көмектеседі», — дейді ЦентрКредит Банкінің мамандары.
Екіншісі, Онлайн сауда жасағанда алдау: алаяқтар бір қызмет немесе тауар сату жайында хабарландыру жариялайды, бірақ алдын ала төлемді алып алғанан кейін жоғалып кетеді. Сол себепті, онлайн сауда жасаған кезде сатушының шынайы екеніне көз жеткізбейінше алдын ала төлем жасамаңыз. Маркетплейс қолданушылары да алаяқтыққа жиі түседі. Орасан зор жеңілдіктер мен бонустарға қызығып, жалған сілтемелерге кіріп, смс кодтарды айтып қою мүмкін. Сол себепті, интернет арқылы сауда жасағанда мұқият болған жөн.
Үшіншісі: Фишинг сайттар. Қаржы реттеушісінің зерттеуіне сүйенсек, азаматтардың 60% фишинг сілтеме дегеннің не екенін білмейді. Фишинг деген жалған сайттар, ресми ресурстарға визуалды түрде ұқсатып жалған сайттар арқылы логиндер мен құпия сөздерді ұрлайды. Танымал компаниялардың атынан «Сіз ұтыстан жеңіп алдыңыз немесе сізге бонустар түсіп тұр, сілтемеге өтіп, ақшаны шешіп ал» деген ұсыныстармен фейк сайттардың сілтемесін жіберуі мүмкін. Мамандар сілтеме таныстар мен жақындарыңыздан келсе де, күдік тудырса, өтпеуге кеңес береді. Себебі аккаунтты бұзатын зиянкес вирустар орнатылған болуы мүмкін.
Төртінші, «инвестиция жасайтын платформалар»: алаяқтар инвестиция деген желеумен жалған сайттарға ақша салуды ұсынады, бірақ ақша шешіп алуға әрекет жасаған кезде жоғалып кетеді. Интернет кеңістігінде танымал тұлғалар мен банкирлердің дипфейгін (видеосы мен даусын қолданып ЖИ мен жасайтын жасанды видео) пайдаланып, инвестиция жасауға шақыратын агрессивті жарнамалар таратады. Мұндай жалған брокерлерге сеніп қалмау үшін инвестицияға қатысты шешім қабылдау алдында мұқият тексеруге кеңес береміз.
Бесіншісі: Мессенджер аккаунтын бұзады: алаяқтар зиянды сілтемелер арқылы аккаунтты бұзып, қарызға ақша беруді сұрап хабарламалар таратады. Күндіз көрген танысыңыздың кешке ақша сұрап жазатыны сирек емес. Мұндай жағдайда өзіне хабарласып, ақша сұраған-сұрамағанын тексеріп алғаныңыз жөн. Егер өзіңіз осындай жайтқа тап болсаңыз, мына кеңеске құлақ түріңіз: WhatsApp-та «Баптау» бөлімін ашып, «Байланысты құрылғыларға» кіреміз. Сол жерде бөтен құрылғыны көрсеңіз, дереу ажыратыңыз. Интернетті қайта жүктеп, тексеріңіз. WhatsApp бұзылған таныстарыңызға да осыны ұсыныңыз.
Онлайн алаяқтың құрығына түскенде не істеу керек?
eGov Mobile қолданушылары арасында жүргізілген сауалнама сүйенсек, қатысушылардың жартысына жуығы жеке дерегі қолды болғанда қайда хабарласуды білмейді.
Сонымен, кибералаяқтықтан күдіктенген жағдайда 102 нөмірі бойынша полицияға хабарласу керек немесе жақын маңдағы бөлімшеге баруы қажет. Сондай-ақ, eGov электрондық қызметтер порталы арқылы өтініш жіберуге болады. Егер сіз күдікті сайтқа карта деректерін енгізсеңіз немесе қателесіп алаяқтарға айтып қойсаңыз, дереу банкке қоңырау шалып, картаңызды бұғаттатыңыз.
Осындай жағдайға тап болмау үшін кибер қауіпсіздік шараларына баса мән беру керектігін тағы бір рет еске саламыз.
Айта кетейік, ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы екінші бөлігінің төртінші тармағында интернет-алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.