2022 жылғы сәуірде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының активтері 0,7%-ға азайды және 2022 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 1,9 трлн теңге болды. 2022 жылғы сәуірде активтердің төмендеуі негізінен екінші деңгейдегі банктерде орналастырылған ақша қаражаттары мен салымдардың қысқаруымен байланысты болды.
Активтердің құрылымында ең көп үлес (жиынтық активтердің 70,6%-ы) бағалы қағаздарға тиесілі – 1,34 трлн теңге, олар сәуірде 0,9%-ға немесе 12 млрд теңгеге ұлғайды.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының міндеттемелері 2022 жылғы сәуірде 0,8%-ға немесе 10 млрд теңгеге ұлғайды және 2022 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 1,18 трлн теңге болды. Міндеттемелердің ұлғаюы, негізінен, сақтандыру сыйлықақыларының өсуі есебінен болды.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының меншікті капиталы 2022 жылғы сәуірде 3,1%-ға немесе 22,9 млрд теңгеге төмендеді және 715 млрд теңге болды. Теріс серпін дивидендтер төлеу есебінен қалыптасты.
2022 жылғы сәуірде сақтандыру нарығы бойынша 0,6 млрд теңге мөлшерде таза пайда алынды. Бұл ретте 2022 жылдың басынан таза пайда 31,3 млрд теңге құрады.
2022 жылғы сәуірде жеке және заңды тұлғалар бойынша жасалған сақтандыру шарттарының саны 1 033 553 болды, бұл ағымдағы жылғы наурызбен салыстырғанда 8,6%-ға көп. 2022 жылдың басынан жеке және заңды тұлғалар бойынша жасалған сақтандыру шарттарының саны 3 532 942 болды, 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 10,2%-ға көп.
Бұл өсім, негізінен, ауру жағдайында сақтандыру бойынша жасалған сақтандыру шарттарының саны 96,4%-ға немесе 110 710 шартқа, жазатайым оқиғалардан сақтандыру бойынша 23,5%-ға немесе
84 269 шартқа және өмірді сақтандыру шарттарының 8,3%-ға немесе 53 854 шартқа ұлғаюымен байланысты болды.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 2022 жылғы 4 айда 273,2 млрд теңгені құрады, бұл 2021 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 1,9%-ға көп.
Міндетті сақтандыру бойынша жыл басынан бері 45 млрд теңге жиналды, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 18,3%-ға көп. Ұлғаю, негізінен, қызметкерді еңбек (қызмет) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан сақтандыру есебінен болды (ұлғаю 3,5 млрд теңге немесе 30,1%).
Ерікті жеке сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 2022 жылғы 4 айда 93,3 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сол кезеңімен салыстырғанда 10,6%-ға аз. Төмендеу, негізінен, зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақылары жинағының 67%-ға немесе 21,1 млрд теңгеге азаюына байланысты.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша қабылданған ерікті мүліктік сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақылары ағымдағы жылдың басынан 134,9 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 7,4%-ға көп. Бұл мүлікті зияннан сақтандыру бойынша жиналған сыйлықақылардың 5,8% -ға немесе 4,4 млрд теңгеге және азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру бойынша 37,8%-ға немесе 4,9 млрд теңгеге ұлғаюымен байланысты.
2022 жылғы қаңтар-сәуір айларында сақтандыру төлемдерінің көлемі 56 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 44,2%-ға артық, 2022 жылғы сәуірде – 19,6 млрд теңге. 2022 жылдың басынан барлығы 277 171 төлем, сәуір айында – 76 мың төлем жүзеге асырылды.