2023 жылғы маусым айының қорытындысы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының активтері негізінен сақтандыру қызметі бойынша кірістердің өсуі нәтижесінде 2,9% 2,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылдың басынан бері 14,1% өсім).
2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша активтер құрылымында ең көп үлес бағалы қағаздарға – 69,9% (1,6 трлн теңге), екінші деңгейдегі банктердегі ақшалай қаражат пен салымдарға – 6,8% (160 млрд теңге), сақтандыру дебиторлық берешекке – 5,1% (121 млрд теңге) тиесілі.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының міндеттемелері 2023 жылғы маусымда 1,5 трлн теңгеге дейін 4,1% ұлғайды (2023 жылдың басынан бері 17,2% өсім).
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының меншікті капиталы 2023 жылғы маусымда 0,9% немесе 7,4 млрд теңгеге 845 млрд теңгеге дейін, негізінен сақтандыру қызметінен алынған пайда есебінен ұлғайды (2023 жылдың басынан бері 9,0% өсім).
2023 жылғы маусымда сақтандыру нарығы бойынша таза пайда 21,2 млрд теңге болды (2023 жылдың басынан бері – 108,5 млрд теңге).
2023 жылғы маусымда жеке және заңды тұлғалар бойынша жасалған сақтандыру шарттарының саны 1 596 мың шартты құрады, бұл 2023 жылғы өткен аймен салыстырғанда 8,2% көп.
2023 жылдың басынан бері жеке және заңды тұлғалар бойынша жасалған сақтандыру шарттарының саны 7 687 мың шартты құрады, бұл 2022 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 31,9% артық. Негізгі өсім жазатайым оқиғалардан сақтандыру (112,1% немесе 809 мың шарт) және көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру (20,5% немесе 564 мың шарт) бойынша шарттарға тиесілі.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақылары 2023 жылғы маусымда 98,8 млрд теңгені құрады. Сақтандыру сыйлықақылары 2023 жылғы 6 айда барлығы 492,3 млрд теңгені құрады, бұл 2022 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 24,7% көп. Сақтандыру сыйлықақылары өсуінің негізгі драйвері ерікті мүліктік сақтандыру.
Міндетті сақтандыру бойынша жылдың басынан бері 93,4 млрд теңге сомаға сақтандыру сыйлықақылары жиналды, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 30,2% көп. Ұлғаю, негізінен, Қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру туралы заң шеңберінде жүзеге асырылатын ерікті жеке аннуитеттік сақтандыра отырып, сақтандырудың аталған сыныбын біріктіруді ескере отырып, қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру бойынша орын алды (64,7%немесе 15,2 млрд теңгеге өсім).
Ерікті жеке сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 2023 жылғы 6 айда 143,4 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 6,3% көп. Өсу, негізінен, жазатайым оқиғалардан сақтандыру бойынша жиналған сыйлықақылар сомасының ұлғаюымен байланысты (64,2% немесе 9,2 млрд теңгеге өсу).
Ерікті мүліктік сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақылары ағымдағы жылдың басынан бері 255,5 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 35,7% көп. Өсу, негізінен, автомобиль көлігін сақтандыру бойынша жиналған сыйлықақылар сомасының 112,6%-ға немесе 23,1 млрд теңгеге және мүлікті сақтандыру бойынша 24,2% немесе 25,2 млрд теңгеге ұлғаюымен байланысты.
2023 жылғы маусымда сақтандыру төлемдері 18,3 млрд теңгені құрады. 2023 жылдың басынан бері сақтандыру төлемдері 116,2 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 47,9% көп. Өсу, негізінен, мүлікті сақтандыру және қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру бойынша сақтандыру төлемдерінің ұлғаюымен байланысты.
2023 жылғы маусымда барлығы 89 мың төлем, 2023 жылдың басынан бері – 545 мың төлем жүзеге асырылды.