2021 жылы 17 тамызда ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының басшысы Н.Айдапкелов 2021 жылғы Ұлттық халық санағы туралы толығырақ мәлімдеді, деп хабарлайды Статистика бюросының баспасөз қызметі.
Азаматтар халық санағы сауалдарына бірнеше тәсілмен жауап бере алады
Қазақстанда Ұлттық халық санағын өткізу 2020 жылғы 1-30 қазан аралығында жоспарланған болатын, алайда елде COVID-19 пандемиясына байланысты 2021 жылғы 1 қыркүйектен 30 қазанға ауыстырылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 19 маусымдағы қаулысына сәйкес, елімізде үшінші кезекті ұлттық халық санағын 2021 жылғы 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін онлайн санақ жүргізу және 1 қазан мен 30 қазан аралығында планшет қолдану арқылы жаппай сауалнама жүргізу туралы шешім қабылданды.
Мәліметтерді жинау процесі екі жолмен жүзеге асырылады
Бірінші әдіс – sanaq.gov.kz мамандандырылған сайтында интернет-сауалнама жүргізу, ол виртуалды көмекшінің көмегімен респонденттерге тұрған орнына қарамастан өздігінен санақтан өтуге және өзі, отбасы мүшелері үшін санақ парақтарын толтыруға мүмкіндік береді. Сайт 2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 15 қазаны аралығында тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді болады.
Екінші әдіс – дәстүрлі жаппай сауалнама ағымдағы жылғы 1-30 қазан аралығында интервьюерлермен (вакцинациялаумен барынша қамтылған интервьюерлер, сондай-ақ олар үшін жеке қорғаныс құралдары: медициналық маскалар, пульверизаторы бар спрейлер және антисептиктер қарастырылған) электронды планшеттерді пайдалана отырып жүргізіледі. Санақ кезінде мәліметтерді жинау үшін сәйкестендіруші ақпарат ретінде сауалнама жүргізілетін тұлғаның ЖСН-і пайдаланылатын болады. Бұл мәліметтердің қайталануын болдырмауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, egov.kz Электрондық үкімет сайтының басты парағында sanaq.gov.kz мамандандырылған сайтына өтетін сілтеме бар, ол арқылы онлайн режимде санақ парақтарын толтыруға болады.
Сондай-ақ, респонденттер Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, әкімдіктерде, пошта бөлімшелерінде, мектептерде және т. б. нысандарда орналасатын арнайы ұйымдастырылған нұсқаушы учаскелерде санақтан өте алады.
Онлайн режимде санақ жүргізу кезеңінде ұялы телефоннан «8 8000 800 878» және стационарлық телефоннан «1446» арқылы Call-орталықтың тегін бірыңғай телефон нөмірінен санақ мәселелері бойынша кеңес беру қарастырылған.
Санақ қорытындысынан мемлекет қандай деректерге ие болады?
2021 жылғы Ұлттық халық санағы аясында азаматтарға олардың экономикалық, әлеуметтік жағдайы, тұрғын үй жағдайларының жай-күйі және т.б. туралы 91 сұрақ қойылады.
Халық санағын өткізу үшін 91 сұрақтан (69 сұрақтан және 22 нақтылаушы сұрақтан) тұратын санақ парақтары әзірленді. 8 сұрақ бірге тұратын отбасы мүшелеріне қатысты болады; 8 сұрақ және 3 сұрақ – тұрғынүй жағдайы, 60 сұрақ жеке басына қатысты болады жәнет.б.
Ол дәстүрлі көрсеткіштермен қатар 2021 жылғы санақтың санақ парақтарына жаңа сұрақтар енгізілгенін атап өтті. Оның ішінде: респонденттің халықты санау кезіндегі орналасқан жері; өмір сүру мүмкіндігнің шектелуі (көру қиындығы, есту қиындығы, жүру кезіндегі қиындықтар, есте сақтау және/немесе назар аудару қиындықтары); ҚР аумағында уақытша тұру үшін басқа елден келуі; келу мақсаты және басқа да бірқатар мәселелер.
Сұрақтардың жеке блогы COVID-19 ауруы мен вакцинация және пандемияның табыс деңгейіне әсері туралы болады.
Санақ парақтарына көші-қон жөніндегі (Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуды жоспарлау, негізгі себептері мен мерзімдері туралы); неке жағдайы туралы (қазіргі (немесе қайта) некеге тұру туралы); Жұмыспен қамту жөніндегі (уақытша жұмыспен қамтылмау себептері, жұмыстан тұрақты тұратын жеріне оралу кезеңділігі туралы); тілдерді меңгеру дәрежесі туралы, діни ұстанымы туралы сұрақтар енгізілген.
Санақ қорытындысы бойынша халықтың саны мен жыныстық-жас құрылымын бағалау үшін бастапқы база қалыптасатынын, халықтың әртүрлі әлеуметтік-демографиялық топтарының жағдайын сипаттайтын ақпарат, демографиялық және әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің есептері жүргізілетінін атап өтті.
Санақ қорытындысы экономикалық болжау, жұмыспен қамту саласындағы саясатты анықтау, басқа да әлеуметтік бағдарламаларды құру, сондай-ақ мемлекеттік билік органдарының функцияларын орындау, ғылымды және бүкіл қоғамды ақпараттық қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын болады.
2021 жылғы санақ 2009 жылғы санаққа қарағанда 2,6 есе арзан
Заманауи технологияларды қолданудың арқасында 2021 жылғы Ұлттық халық санағын өткізу 2009 жылғы халық санағын өткізуге қарағанда 2,6 есе арзанға түседі.
2018 жылдан бастап 2023 жылға дейінгі кезеңде (бесжылдық кезеңге) халық санағын жүргізуге бюджеттен 9,1 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде санақ қызметкерлерінің қызметіне ақы төлеуге 4,7 млрд теңге бөлінді. Осы кезеңде 32 313 адам жұмысқа орналастырылады. Қазіргі уақытта, оның айтуынша, барлық санақ жүргізушілермен ақылы қызмет көрсету туралы келісім-шарт жасалып жатыр.
2021 жылғы халық санағын өткізуде бір адамға жұмсалатын шығын 1,1 АҚШ долларын құрайды. Мысалы, 2009 жылғы халық санағы кезінде мұндай сәйкес шығын 2,9 АҚШ долларын құрады.
Халық санағы шығындарының төмендеуі сандық технологияларды енгізумен және халық санағы бойынша деректерді жинау процесін автоматтандырумен байланысты. Санақ жүргізу үшін 1,1 млрд теңге сомасына қуаттау құрылғылары мен тысқаптары бар 27 412 планшет сатып алынды. Санақ аяқталғаннан кейін бұл планшеттер мүдделі мемлекеттік органдарға берілетін болады.
Халық санағы не үшін қажет?
Ұлттық халық санағының қорытындылары бойынша алынған деректер экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларды әзірлеу, жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты нақтылау үшін пайдаланылатын болады.
Ұлттық халық санағының қорытындысы бойынша 2021 жылдың желтоқсанында халықтың жалпы саны бойынша жедел деректер дайындау жоспарлануда. 2022-2023 жылдар аралығында 10 тақырыптық жинақ (қысқаша қорытынды, халық, ұлттық құрам, көші - қон, білім беру, неке және отбасы, үй шаруашылығы, жұмыспен қамту, табыс және өмір сүру көздері және тұрғын үй сипаттамалары) әзірлеу жоспарланған, олар 386 кестеде көрсетілген көрсеткіштерді қамтиды.Сондай-ақ өңірлік жинақтар қалыптастырылып, электрондық форматта жарияланады.
Елде кезекті санақты өткізу елдің әкімшілік-аумақтық бөлінісі бойынша ел тұрғындарын сипаттайтын демографиялық және әлеуметтік-экономикалық ақпаратты кең ауқымда алуға және басқа елдердің, бірінші кезекте ЕАЭО бойынша серіктес елдердің санақтарының деректерімен салыстырмалы деректерді алуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, санақ қорытындысы бойынша халықтың саны мен жыныстық-жас құрылымын бағалау үшін бастапқы база қалыптастырылатын болады, халықтың әртүрлі әлеуметтік-демографиялық топтарының жағдайын сипаттайтын ақпарат, демографиялық және әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді есептеу жүргізіледі. Санақ қорытындысы экономикалық болжау, жұмыспен қамту саласындағы саясатты анықтау, басқа да әлеуметтік бағдарламаларды құру, сондай - ақ, мемлекеттік билік органдарының функцияларын орындау, ғылымды және бүкіл қоғамды ақпараттық қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын болады.