Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11 қаңтарда өткен Мәжілістің пленарлық отырысында "Самұрық-Қазына" қорының қызметін толығымен трансформациялау қажеттігі туралы айтқан сөзіне түсініктеме берді.
"Қордың портфельді компаниялары – ұлттық экономиканың жүйе құраушы құрылымдары. Сондықтан қазір экономиканы құрылымдық жағынан қайта құру және ресурстарды ел игілігіне бағыттау жөніндегі міндеттердің орындалуы қордың жұмысына байланысты. Мемлекет басшысының пікірінше, Үкімет, ең алдымен, тым көп басқару құрылымдарын қысқартумен айналысуы керек. Сонымен қатар мемлекет пен халықтың мүддесіне бағытталған табыстарды арттыру үшін "Самұрық-Қазына" мен Үкімет арасындағы өзара қатынастардың сипатын өзгерту қажет", – деп жазды Берік Уәли.
Оның сөзінше, президент Үкіметтен экономиканың негізгі салаларында шынайы бәсекеге негізделген орта қалыптастыруды және қор мен ұлттық компаниялардың сатып алу жүйелерінің ашықтығын қамтамасыз етуді талап етті.
"Президенттің пікірінше, мемлекет экономикаға көп араласа бермеуі керек және осы тұрғыда "Самұрық-Қазына" қорының активтерін жекешелендіру ісін жандандыруы қажет. Осыған орай жекешелендіру кезінде ашықтықты сақтау маңызды. Онсыз экономиканы құрылымдық тұрғыдан қайта құру мүмкін емес. Президент Үкіметтен және Жекешелендіру жөніндегі мемлекеттік комиссиядан нақты ұсыныстар мен іс-әрекеттер күтеді", – деді мемлекет басшысының баспасөз хатшысы.