Ашықтық және жариялық саясаты аясында, әрі азаматтардың Қор реформасына қызығушылығын ескере отырып, «Самұрық-Қазына» АҚ ҚР Президентінің тапсырмаларын орындау мақсатымен жасалған Іс-шаралар жоспарын жариялайды, деп хабарлайды қордың баспасқөз қызметі.
Қор Басқармасы 2022 жылдың 24 қаңтарында бекіткен құжатта Қор компанияларындағы бизнес-процестер мен корпоративтік басқару тәжірибелерін реформалау бойынша нақты шаралар жазылған.
Жоспарда кадр саясаты, сатып алу жүйесі, Қор мен оның қоржындық компанияларының әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, бизнесті қолдау, комплаенс қызметінің жұмысын жетілдіру, инвестициялық және дивидендтік саясат, активтерді жекешелендіру және адам капиталын дамытуға қатысты жүйелік өзгерістер мен іс-шаралар көрсетілген.
Жоспарды іске асыру төмендегі өзгерістерді қамтамасыз етеді:
Мұнайды өңдеу, мұнай мен мұнай өнімдерінің маркетингі, газ нарығының дамуы, көмір мен электр энергиясын жеткізу, инфрақұрылымға қол жеткізу, вагондарды жеткізу, телекоммуникация және басқа да нарықтардың өкілдеріне Қор компаниялары тарапынан қойылатын шектеулерді жою және ашық механизмдерді енгізу;
Өндірістік қызметкерлердің жалақысын алғашқы кезеңде орташа салалық көрсеткіштерге дейін көтеру;
Сатып алудың мемлекеттік органдар және бизнеспен келісілген жаңа ережелерін енгізу;
Отандық тауар өндірушілер үлесін 78%-дан 85%-дан артық көрсеткішке жеткізу;
Үкімет тапсырмасына сәйкес, жаңа салаларды дамытатын инвестициялық жобаларды іске асыру, бизнес серіктес ретінде нарық талаптарына сәйкес импорттың орнын басатын жаңа өндірістерді іске қосу;
«Самұрық-Қазына» Қорын реформалау мәселелері бойынша Іс-шаралар жоспарымен ресми веб-сайттың Қор туралы/Қордағы реформалар парағында танысуға болады.