Астана халықаралық қаржы орталығы ұйымдастырған Astana Finance Days халықаралық конференциясы аясында Astana International Exchange жекешелендіру бағдарламасы шеңберінде «Самұрық-Қазына» қорының алдағы өтетін ІРО-сына тікелей жазылым платформасын ұсынды. Ол Қазақстан Республикасының бүкіл азаматтарына ұлттық компаниялардың акцияларына жазылуға тең қолжетімділік береді.
«Халықты барынша тарту мақсатында, біз Қазпоштаның, биржалардың және брокерлердің цифрлық инфрақұрылымын пайдалануды жоспарлап отырмыз. Мысал үшін, акцияларды үйден шықпай-ақ мобильді қосымшаларды пайдалана отырып, сатып алуға болады, ал шалғай өңірлер үшін – Қазпошта бөлімшелерінің қызметтері пайдаланылады», деді Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев.
«Біз Қазақстан азаматтары алдағы IPO-ға қатысудың ең қарапайым және түсінікті әдісіне ие болуы тиіс деп санаймыз. Акцияларды жария орналастыруды мүмкіндігінше қолжетімді болатындай және инвесторларды сатып алуға және сатуға ғана емес, сонымен қатар акцияларды өз портфельдерінде ұзақ уақыт ұстауға ынталандыратындай етіп құрылымдау өте маңызды. AIX бұған инновациялық шешімдер мен біздің сауда алаңымыздың мүмкіндіктерінің көмегімен жәрдемдесуге дайын», деді АІХ басқармасының төрағасы Ренат Бектұров.
Тікелей жазылу – акцияларды бастапқы орналастыру кезінде делдалсыз (брокер немесе андеррайтер) тікелей эмитенттен сатып алу туралы шарт жасасу. Тікелей жазылу бөлшек және институционалдық инвесторлардан брокерлер немесе андеррайтерлер (букбилдинг) арқылы тапсырыстарды жинаудың әдеттегі әдісімен қатар жүргізілуі мүмкін.
Тікелей жазылым барлық қазақстандықтар үшін Tabys мобильді қосымшасы және/немесе Қазақстанның барлық өңірлеріндегі «Қазпошта» бөлімшелері арқылы қолжетімді болады.
IPO-ға тікелей жазылуды Tabys арқылы ресімдеу үшін инвестордың жеке куәлігі, банк картасы және интернетке қолжетімділігі бар смартфоны болуы қажет. Қызмет тәулік бойы онлайн режимде қолжетімді.
Тағы бір нұсқа – «Қазпоштаның» жақын жердегі бөлімшесіне барып (Қазақстан бойынша 721), тікелей жазылуды ресімдеу және қажет болған жағдайда, жазылымға қатысуды тіркеу бойынша кеңес алу үшін операторға өтініш жасау.
"Біз бұл процестің бір бөлігі болғанымызға қуаныштымыз. Қазақстандықтардың IPO-ға қол жеткізуіне ықпал етеміз. Жазылу "Қазпоштаның" бүкіл елдегі 721 бөлімшесінде қолжетімді болады. Әрі осы қызметпен еліміздің барлық облысын қамтуға мүмкіндік береді. Біздің операторлар клиенттерге көмек көрсетуге және олардың сұрақтарына жауап беруге дайын", деді "Қазпошта" АҚ Басқарма төрағасы Серік Саудабаев.
Алда өткелі отырған IPO-ға кез келген брокерлер (AIX сауда мүшелері) арқылы дәстүрлі тәсілмен де қатысуға болады.
Алдағы IPO бойынша тікелей жазылу үшін AIX платформасы IPO параметрлері ресми жарияланғаннан кейін Tabys қосымшасында және 721 Қазпошта бөлімшелерінде қолжетімді болады.
Tabys мобильді қосымшасы 2020 жылдың желтоқсан айында AIX қолдауымен білім беру мақсатында іске қосылған, ол бөлшек сауда инвесторларына кіру шегі төмен капитал нарықтарында инвестициялаудың қарапайым құралын ұсынады. Бүгінгі таңда Tabys қосымшасында 25 мың инвестор шоты ашылған. Оны AppStore-дан және Google Play-ден жүктеп алуға болады.