«Taý-Ken Samuryq» ұлттық тау-кен компаниясы Қазақстанның төрт облысының аумағында ауқымды геологиялық барлауды бастайды. Геологиялық барлау жобасы әріптесіміз – «Қазақстан Фортескью» компаниясымен бірлесіп іске асырылатын болады.

«Taý-Ken Samuryq» ҰТК» АҚ мен «Қазақстан Фортескью» ЖШС арасындағы қол қойылған операторлық келісімге сәйкес іздеу жұмыстары Қарағанды, Алматы, Ақтөбе және Қызылорда облыстарының аумағында жалпы алаңы 18 000 км2 жүргізілетін болады.

«Taý-Ken Samuryq» ҰТК» АҚ Басқарма Төрағасы Қанат Құдайберген: «Біз геологиялық барлау жобасын іске асыруға  ірі инвесторды тарттық. Келісімшарттық алаңның мөлшерін ескерсек, бұл Қазақстанның жер қойнауының зерттелуін арттыруға елеулі үлес болады. Болашақта біз коммерциялық маңызды кен орындарын табамыз деп үміттенеміз».

«Қазақстан Фортескью» ЖШС-металлургия өнеркәсібінің әлемдік көшбасшысы австралиялық «Fortescue Metals Group Ltd» жүз пайыздық еншілес компаниясы. «Fortescue Metals Group» өндірістің жоғары мәдениетіне, инновацияларға, әлемдік деңгейдегі инфрақұрылым мен тау-кен активтерінің озық дамуына бағдарланған.

Элизабет Гейнс, «Fortescue Metals Group» компаниясының бас атқарушы директоры: «Fortescue экономиканы электрлендіру мен көміртексіздендіруді қолдай отырып, өнімдерді әртараптандыру және активтерді дамыту есебінен болашақта өсуді ынталандыру үшін  өзінің әлемдік деңгейдегі геологиялық барлау тәжірибесіне, өндірістік беделіне, өз қызметкерлерінің дағдылары мен қабілетіне сүйенеді. Біз мысты қоса алғанда, бірқатар шикізат тауарларына байланысты мүмкіндіктерді зерттеу үшін  «Taý-Ken Samuryq» компаниясымен бірге қызмет етеміз.»

Бірінші жыл ішінде «Қазақстан Фортескью» қолда бар геологиялық деректерді жинап, талдайды, сондай-ақ магниттік және гравитациялық деректерді жинау үшін кең ауқымды аэрогеофизикалық зерттеулер жүргізеді.

Геофизикалық түсіру кейінгі жылдары минералданудың перспективалы аудандарын анықтау және талдау үшін құрылымдық геология мен картаға түсіруді егжей-тегжейлі түсіндірумен, сондай-ақ кешенді жерүсті геофизикалық зерттеулермен және бұрғылаумен толықтырылатын болады.