Эмитент банк мынадай жағдайларда төлем карточкасын бұғаттай алады, егер:
- төлем карточкасының иесі банк менеджеріне оның жоғалғандығы, ұрланғандығы немесе рұқсатсыз пайдаланғандығы туралы хабарласа;
- «пластик» ұстаушы төлем карточкасын беру туралы шартты орындамайтын болса;
- тараптар арасындағы шартта көзделген, төлем карточкасын пайдаланудың ішкі құжаты сақталмаса.
Сонымен қатар уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың өкімдері негізінде шығыс операцияларын жүргізуге шектеу салынуы мүмкін. Мысалы, салық төлемеу; тергеу жұмыстарын жүргізу кезінде; алаяқтық операцияларға және басқаларына күмәнді болған кезде.
Мысалы, төлем карточкасы бойынша күмәнді, күдікті операциялар жасалғанда, олардың алдын алу үшін банктер олардың жеке түрлеріне жүйелік шектеулер қоюы мүмкін. Оларды белгілеу шарттары, сондай-ақ оларды алу тәртібі төлем карточкасын шығару туралы шартта тағы да көрсетілген.
ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің терроризм мен экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалар тізбесіне енгізілген ұйымдар мен жеке тұлғалар туралы ақпараты да шектеулерге негіз бола алады.
«Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңының нормаларында банктер мұндай фактілердің алдын алу және жолын кесу үшін операция күдікті деп танылған кезде оны орындау алдында ҚР ҚМ ҚМК-ке дереу хабарлауға міндетті екендігі анықталған. Күмәнді операция туралы хабарлама алған комитет, егер ол ақпарат алған кезде әлі аяқталмаған болса, оны тоқтата тұруға құқылы.
Бұл ретте, егер банктің клиенттері – ұйым немесе жеке тұлға терроризм мен экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалар тізбесіне енгізілсе, банктер өздерінің банктік шоттарындағы шығыс операцияларды дереу тоқтатуға міндетті.
Тыйым салуды соттар сот актілерінің негізінде және сот орындаушылары прокурор санкциялаған сот орындаушыларының қаулылары негізінде елдің қылмыстық-процестік заңнамасында және Атқарушылық іс жүргізу туралы заңда көзделген тәртіппен салады.
Егер бұғаттау негізсіз болса, сіз ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне өз құқықтарыңызды қорғау туралы өтініш беруге құқығыңыз бар.