MediaNet халықаралық журналистика орталығы жанындағы Қоғамдық пікірді мониторингтеу жөніндегі DEMOSCOPE бюросы қазақстандықтар арасында салық реформасының олардың өміріне қалай әсер еткені туралы сауалнама жүргізді. Респонденттердің 77,6%-ы шығындарының артқанын айтса, 53,8%-ы азық-түлік пен тауарлардың бағасы өскенін хабарлаған.

DEMOSCOPE бюросы елдің барлық өңірінен 1 мыңнан астам қазақстандыққа сауалнама жүргізді. Сауалнама телефон арқылы өтті, ал нөмірлер кездейсоқ сандар генераторы арқылы таңдалған.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, 2026 жылдың қаңтарынан бастап қазақстандықтардың басым бөлігінің (77,6%) шығындары артқан. Оның ішінде 54,4%-ы шығындарының айтарлықтай көбейгенін, ал 23,2%-ы аздап артқанын айтқан. Тағы 16% респондент шығындары өзгермегенін мәлімдеді.

Шығындары көбейген қазақстандықтар үнемдеуге мәжбүр болған.

  • 44,5% азық-түлікті аз сатып ала бастаған
  • 36,1% киім мен аяқ киімге жұмсайтын қаражатын қысқартқан
  • 28,3% такси қызметін аз пайдаланатын болған.

Сондай-ақ қазақстандықтар мына шығындарды да қысқартқан:

  • кафе, мейрамхана және жеткізу қызметтері – 25,8%
  • ойын-сауық пен демалыс – 23,2%
  • коммуналдық қызметтер – 20,4%.

Респонденттердің 24,2%-ы ешнәрседен үнемдеуге мәжбүр емес екенін айтқан.

Жаңа Салық кодексі күшіне енгеннен кейін сауалнамаға қатысқандар мынадай қиындықтарды атады:

  • тауарлар мен қызметтер бағасының өсуі – 53,8%
  • қаржылық тұрақтылыққа алаңдау – 26,3%
  • жаңа салық ережелерінің күрделілігі – 16,2%
  • нақты табыстың төмендеуі – 15%.

Болашаққа қатысты күтулерге келсек, респонденттердің 65%-ы өмірі нашарлайды деп есептейді: оның ішінде 40,5%-ы айтарлықтай нашарлайды десе, 24,5%-ы аздап нашарлайды деп санайды.

Ал тек 8,2%-ы өмірі белгілі бір деңгейде жақсарады деп болжайды. 13,3%-ы жаңа Салық кодексі олардың өміріне әсер етпейді деп есептейді.