Саясат Нұрбек балаларының қандай мектепте оқитынын жасырып отыр

9 млн төлеп оқытатын шенеуніктің балалары Кипрден қайтты ма?

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Кипрдегі британ мектебінде оқып жүрген балаларын жаңа оқу жылында Қазақстан мектебіне беретінін айтып, ел алдында сөз берген болатын. Алайда министр «балаңыз ақылы мектепте оқи ма, әлде жалпы білім беретін мемлекеттік білім мекемесінде оқи ма» деген журналист сұрағына жауап беруден бас тартты.

«Бұл мәселелер Ғылым және жоғары білім министрі қызметіне тікелей қатысы жоқ екенін хабарлаймыз. Конституцияның 18-бабының 1-тармағына сәйкес министр өзінің отбасы туралы жеке ақпаратты жария етпеуге құқылы», - делінген ресми жауапта.

Бұдан бұрын журналист Гүлбану Әбенова министрдің балалары шетелде, Кипрдегі британ мектебінде оқитынын, шенеуніктің жыл сайын мектепке 9 млн теңге төлейтінін жазған еді. Аталған жаңалық әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланған болатын.

Ал Үкімет кулуарында Саясат Нұрбек журналистерге балаларының 26 маусымда елге келетінін айтқан.

«Балаларым қарапайым мектепке оралады. Ол жайлы да фотомен есеп беремін, сол себепті менің әл-ауқатым мен балаларым үшін уайымдамаңыздар», – деп жауап берді Саясат Нұрбек.

Министр Саясат Нұрбек өзі берген уәдесінде өзі тұратын шығар деген бейкүнә оймен жолдаған астарсыз сұрағымызға осындай мардымсыз жауап алдық. Соған қарағанда министрдің балалары Кипрден әлі қайта алмай жатыр ма деген ой қылаң береді.

Айта кетелік, министр қазір журналист Гүлбану Әбеновмен соттасып жүр. Ол журналистің әлеуметтік желідегі жазбалары үшін оның үстінен сотқа арыз түсірген еді. Тағы бір айта кетерлігі, Саясат Нұрбек туралы қазақстандық сайттардағы ақпараттар Google іздеу жүйесінен өшірілген. Министр өзі туралы «жағымсыз» мәліметтердің көзін тезарада өшіріп отырады. 

Ая Өміртай

фото: azattyq-ruhy.kz