Ресейдің кесірінен қазақстандық шаруалар дағдарысқа ұшырауы мүмкін

Ресейде быиыл мол амтық жиналып, Қазақстаннан астық сатып алатын елдердің нарығына сатылуы мүмкін. Бұл Қазақстан фермерлерінің өнімін өткізуін қиындатып, астық бағасының төмендеуіне және шаруашылықтардың қаржылық жағдайының нашарлауына әкелуі ықтимал.

Бұл туралы Қазақстанның Астық одағының аналитика комитетінің басшысы Евгений Карабанов Tenge Talks YouTube арнасында айтты.

Ресейде бидай Қазақстаннан бірнеше есе арзан

Карабановтың айтуынша, Ресейде астықтың үлкен көлемін дәстүрлі сыртқы нарықтарға шығару қиындап отыр. Сондықтан ресейлік жеткізушілер жаңа өткізу нарықтарын, соның ішінде Қазақстан мен Орталық Азия елдерін қарастырып жатыр.

Мысалы, Ресейдің ірі астық экспорттау орталықтарының бірі саналатын Ростов облысында төртінші санатты бидай шаруашылықтардың өзінде тоннасына шамамен 6 мың рубльге, яғни 31,5 мың теңгеге ұсынылады.

Ал Қазақстанда осыған ұқсас бидайдың бағасы шамамен 85-90 мың теңге.

«Орасан көп астыққа сұраныс жоқ, себебі оны сыртқа шығару мүмкіндігі шектеулі. Баға әрі қарай да төмендеп жатыр», – деді сарапшы.

Қазақстанның дәстүрлі нарықтарына қауіп төнді

Карабанов Қазақстан үшін негізгі қауіп Ресей астығының тікелей ішкі нарыққа келуінен емес, үшінші елдердегі бәсекенің күшеюінен туындауы мүмкін екенін атап өтті.

Қазақстандық бидай мен ұнның дәстүрлі сатып алушылары қатарында Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Ауғанстан бар.

Енді осы нарықтарға ресейлік арзан астық пен ұн да белсенді түрде бағытталуы мүмкін.

«Егер дәстүрлі тұтынушыларымыз арзан ресейлік астыққа көшсе, біздің астығымызға сұраныс болмайды», – деді Карабанов.

Бұл жағдайда қазақстандық фермерлер өнім бағасын төмендетуге мәжбүр болады. Бірақ оның да шегі бар.

Сарапшының бағалауынша, Қазақстанда бір тонна бидай өндірудің орташа өзіндік құны ҚҚС-сыз 70-80 мың теңге шамасында.

Сондықтан нарықтағы баға ұзақ уақыт бойы осы деңгейден төмендесе, кейбір шаруашылықтар өнімін шығынға сатуға мәжбүр болуы мүмкін.

Фермерлер үшін мәселе – табыс емес, аман қалу

Карабановтың айтуынша, қазір ауыл шаруашылығы өндірушілері жаңа қаржылық соққыға дайын емес.

Фермерлер 2023 жылғы күрделі маусымнан кейін қаржылық жағдайын қалпына келтіріп жатыр. Сол жылы егістіктің бір бөлігі қуаңшылықтан зардап шексе, егін жинау кезінде жауын-шашын көбейіп, бидайдың бір бөлігі алқапта өсіп кеткен. Соның салдарынан өнімнің бір бөлігі жемдік астық санатына ауысып, баға 50 мың теңгеден төмен түскен.

Кейінгі екі жылда көптеген шаруашылықтар жиналған қарыздары мен қаржылық тапшылығын жабуға тырысты.

Егер биылғы астықты қолайлы бағамен сату мүмкін болмаса, фермерлерде келесі егіс науқанына қажетті айналым қаражаты жетіспеуі мүмкін.

«Бұл жерде фермерлер алатын аса жоғары табыс туралы емес, көпшілігі үшін мәселе – жалпы аман қалу туралы», – деді сарапшы.

Ресейден астық ұсынысы әлі де өсуі мүмкін

Карабанов Ресейдің астық ұсынысы қазіргі деңгеймен шектелмеуі мүмкін екенін айтты.

Қазір негізгі ұсыныс Ресейдің оңтүстік өңірлерінен, Еділ бойынан, Орынбор облысынан, Татарстан мен Башқұртстаннан келіп отыр.

Ал Сібір, Алтай және Орал өңірлерінде жаппай егін жинау науқаны әлі басталған жоқ. Бұл аймақтардан астық нарыққа шыққан кезде ұсыныс көлемі одан әрі ұлғаюы мүмкін.

Сарапшы қалыптасқан жағдайды Қазақстанның астық нарығы үшін «ең нашар сценарий» деп бағалады.

Оның пікірінше, мұндай жағдайда Үкіметке отандық астық өндірушілерін қолдау үшін стандартты шаралардан бөлек қосымша тетіктер қажет болуы мүмкін.

Қазақстан импортқа шектеу қойған

Қазақстан 27 шілдеден бастап басқа елдерден бидай әкелуге шектеу енгізген.

Автомобиль және су көлігімен бидай импорттауға толық тыйым салынды. Ал теміржол арқылы жеткізуге тек қазақстандық қайта өңдеушілер мен құс фабрикалары үшін рұқсат берілген.

Алайда бұл шара Ресей мен Қазақстан астығының үшінші елдер нарығындағы бәсекесін шеше алмайды.

Сондықтан негізгі мәселе енді ішкі нарықты ресейлік импорттан қорғаумен қатар, Қазақстанның дәстүрлі экспорттық нарықтарындағы позициясын сақтап қалуға келіп тірелуі мүмкін.