2022 жылдың қарашасында Ресей Федерациясы Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы және Өзбекстан Республикасы арасындағы газ саласындағы үшжақты ынтымақтастықты қалыптастыру бастамасын жариялады.
Бұл ретте ресейлік және өзбек тараптарынан бұл ынтымақтастық бойынша ресми ұсыныстар түскен жоқ.
Бұл елдермен газ саласындағы ынтымақтастық екіжақты форматта өзара тиімді серіктестік негізінде жүзеге асырылады.
Қазақстанның газ тасымалдау жүйесінің ресейлік газды Өзбекстан Республикасы бағытында транзиттеу үшін еркін қуаттары бар екенін ескере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен «Газпром» ЖАҚ арасында ресейлік газды Өзбекстан Республикасына тасымалдау мақсатында «Орталық Азия – Орталық» магистральдық газ құбырын дайындау бойынша іс-шаралар жоспарына қол қойылды.
Осылайша, бүгінде Ресей газын Қазақстан арқылы Өзбекстанға тасымалдау үшін «Орталық Азия – Орталық» магистральдық газ құбырының қазақстандық бөлігін техникалық дайындау жұмыстары жүргізілуде. Оның аяқталуы 2023 жылдың 1 қазанына жоспарланған.